Мемлекет басшысына Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия жұмысының алғашқы нәтижелері туралы есеп берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары жөніндегі қорытындыны баяндады.
Жиын барысында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелі мәселелерді әшкерелегені айтылды. Алдын ала тергеу нәтижесі әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсеткен.
Мемлекет басшысы алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді. Бұл мәселе Президенттің жеке бақылауында болады.
Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану деректеріне, сондай-ақ, Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заңбұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғаған.
Маңғыстау облысындағы трагедияның жай-жапсарын зерттеу барысында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде қатерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі кемшіліктерге жол берілгені анықталды.
Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша соталды тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі.
Сонымен қатар, әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында біршама кемшілік бары анықталды. Әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету деректері әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды.
Қауіпсіздік талаптарын, әскери қызметті өткеру шарттарын сақтау, тылды қамтамасыз ету және жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне айрықша мән беріліп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Тексеріс нәтижесі Қарулы күштерді реформалау жоспарын дайындау кезінде ескерілуге тиіс. Жиында қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы тиімді әрекет ететін жаңа тұрпатты армия қалыптастыру қажет екеніне баса мән берілді. Жаңғыру белгілері әскери тәртіп күшеюінен, әскери қызметшілерге борышын өтеу кезінде тиісті жағдай жасаудан және қауіпсіздік деңгейі артқанынан байқалуға тиіс.
Сонымен қатар, кешенді тексеріс объективті түрде жүргізіліп, әскердің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтірмеу қажет екені айтылды. Қарулы күштер қатарында Конституциядағы "Заң мен тәртіп" қағидаты мүлтіксіз сақталуы керек. Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның ішінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылды.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).
Сонымен қатар, Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!