Каспийдегі трагедия: Қорғаныс министрлігі желіде тарап жатқан ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады

Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алғашында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде 19 әскери қызметші суға кеткені туралы ақпарат тараған еді. Кейінірек олардың саны 17 болғаны нақтыланды. Осыған байланысты әлеуметтік желіде екі матростың тағдыры талқыланып жатыр.

"Әлеуметтік желіде мерзімді әскери қызметтегі матростар А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауия туралы тарап жатқан ақпаратқа байланысты мынаны хабарлаймыз. Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндетін орындады. Мерзімді әскери қызметтегі матростар А.А. Ахметов пен Ә.А. Мағауия жағалауда оқу міндетін орындаған әскери қызметшілер құрамында болды", - деп жазылған хабарламада.

Қазір әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүргені айтылды.

"Азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға, Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне сүйенуге шақырамыз", - деді ведомство өкілдері.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның ішінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Тергеу барысы

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).

Сонымен қатар, Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз