Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев оқу-жаттығу жиындары әскерилердің өміріне қауіп төндірмеуі қажет екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Маңғыстауда болған оқиғаға қатаң баға берді. Президенттің тапсырмасымен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды жан-жақты тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Айдос Мырзахметов қорғаныс министрі болып тағайындалды. Оған қорғаныс саласында жүйелі өзгерістер жүргізіп, әскери реформаның жоспарын әзірлеу тапсырылды.
"Бұл шешімдерді қолдаймыз. Әскери реформаның маңызды бағытының бірі - қауіпсіздік талаптарын күшейту керек. Әсіресе, әскери, арнайы және құтқару оқу-жаттығуы кезінде қауіпсіздік талабы қатаң сақталуы қажет", - деді ол.
Осыған байланысты депутат мынадай ұсыныстар жасады:
- "Оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алу қажет. Әр қатысушыда жеке электрон белгі болғаны жөн. Бұл оның орналасқан жерін кез келген уақытта анықтауға мүмкіндік береді.
- Қатысушының геолокациясын көрсететін арнайы құрылғы берілуге тиіс. Құрылғы адамның нақты орнын анықтап қана қоймай, қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберуі керек. Адам құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруге тиіс.
- Адамның физиологиялық жағдайын бақылайтын құрылғы енгізу қажет. Ол жүрек соғысы сияқты негізгі көрсеткішті бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы және теңіздегі толқын туралы ақпарат бір орталыққа үздіксіз түсіп тұруы керек. Қауіп деңгейі артқан жағдайда оқу-жаттығудың қауіпті бөлігі дереу тоқтатылуға тиіс.
- Әр оқу-жаттығуға бірыңғай қауіпсіздік паспорты әзірленуі маңызды. Онда қатысушылар медициналық тексерістен өткені, қауіп-қатер картасы, эвакуация бағыты, құтқару тобының құрамы және ауа райына байланысты шектеулер көрсетілуге тиіс. Оқу-жаттығу өтетін аумақ та алдын ала мұқият тексерілуі керек".
Аббат Өрісбаевтың сөзінше, үш ай ішінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын әзірлеп, оны алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізген жөн. Ал нәтижесі оң болған жағдайда осы стандартты барлық өңірге енгізу қажет.
"Оқу-жаттығу адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек. Оның басты мақсаты - төтенше жағдайда адамды аман алып қалуға үйрету. Сондықтан қауіпсіздік кез келген оқу міндетінен жоғары тұруға тиіс", - деді депутат.
Маңғыстаудағы трагедия
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылды.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова