Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған 19 жастағы Бекет Мырзағалиевтің анасы ұлы ауруханаға жатқызылмағанын, қазір жағдайы жақсы екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.
Алғашында ақпарат аз болғандықтан, туыстары Бекет тірі қалғанын білгенімен, оны ауруханаға жеткізді деп ойлаған. Олар таңертең Ақтауға жетіп, ұлымен кездескенде ғана оның ауруханада емес екенін білген.
Басылым мәліметінше, Бекет Мырзағалиев - Атырау облысы Махамбет ауылының тумасы. Ол 2025 жылғы 3 қазанда әскерге шақырылып, №29011 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген.
Анасының айтуынша, қайғылы хабарды ести сала отбасы бірден Ақтауға жол тартқан.
"Аллаға шүкір, ұлым аман. Таңертең Ақтауға келіп, өз көзімізбен көрдік. Ол дін аман, өздігінен жүріп-тұрады. Сын сағатта өз күшімен жағаға жеткен. Қалған жағдайлар тексерістен кейін белгілі болады. Балаларымыз әлі жас, бұл оқиға олардың өмір бойы есінде қалады. Бұл - бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр қайғы. Қазір әке-шешелері қандай күйде екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлық қаза тапқан жігіттердің әке-шешелеріне шын жүректен қайғырып көңіл айтамын. Енді ешкім мұндайды бастан кешірмесін", - деді Қарлығаш Мырзғалиева.
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.
Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның ішінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).
Сонымен қатар, Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!