Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған Ақжол Темірәлиев мерзімді әскери қызметін аяқтады. Ол Қазақстан Әскери-теңіз күштері қатарында Отан алдындағы борышын өтеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Әдетте әскери қызметтің аяқталуы сарбаздар үшін қуанышқа толы ерекше күн болады. Естелік суреттер, қимастықпен қоштасу, бірге өткізген күндерді еске алу – бәрі осы сәттің бір бөлігі. Алайда Ақжол үшін бұл күннің салмағы бөлек. Ол – Маңғыстау облысынан әскерге шақырылған сарбаздардың арасындағы аман қалған жалғыз жауынгер. Сондықтан қаза болған қаруластарының естелігі мен сол күндердің ауыр жүгі оның жадында мәңгі сақталары анық", - деп жазды блогер.
Жақын уақытта Ақжол Темірәлиев ата-анасымен бірге қаза болған әскерилердің отбасыларына барып, көңіл айтуды жоспарлап отыр.
Маңғыстаудағы трагедия
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның ішінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылды.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Тергеу барысы
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).
Сонымен қатар, Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz