2026 жылғы 25 қыркүйек - Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні

“Жауапкершіліктен жалтармаймыз“. Қорғаныс министрі Каспийдегі трагедиядан кейін алғаш рет пікір білдірді

“Жауапкершіліктен жалтармаймыз“. Қорғаныс министрі Каспийдегі трагедиядан кейін алғаш рет пікір білдірді
Фото: gov.kz

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен жалтармайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

"Отбасылардың қайғысын түсінемін. Қоғамның бізге қойып отырған талап, сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Ата-аналар ұлдарын бізге сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырағанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп отыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Осы жағдайға байланысты кінәлі адамдар жауапқа тартылады. Қара жамылған отбасылармен үнемі байланыстамыз", - деді ол.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның ішінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Тергеу барысы

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).

Сонымен қатар, Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget