- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Apple үш айда...
Apple үш айда $50 миллиард табыс тапқан
Apple корпорациясы өзінің кезекті кварталдық есебін берді. Жалпы есеп бойынша, купертинолық компания соңғы үш айда 49,6 миллиард АҚШ долларын тапқан. Ал оның $10,7 миллиарды таза табыс (дивидент) болып отыр. Сонымен негізіг табыс көзі қай гаджет болды екен? Сандарды салыстырып көрейік.
iPhone смартфондарының соңғы үш айдағы сатылымы өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 35%-ға өскен. Әлемнің 47,5 миллион тұрғыны өзіне жаңа iPhone сатып алған. iPad планшетін тұтынуды қалаушылар саны 10,9 миллионды құраған. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда біршама аз.
Mac сериясымен шығатын компьютерлер де нарықта көп сұранысқа ие болған. Айта кетсек, былтыр 4,4 миллион дана дербес компьютер сатылған болса, бұл жылғы статистика 400 мың данаға көбейген. Ал App Store онлайн дүкеніндегі iTunes мобильді қосымшасы 5 миллиард АҚШ доллары көлемінде табыс алып келген. Сонымен қатар, компания үшін ең маңызды Қытай нарығындағы табысы 112%-ға өскен. Ал әлемдік нарықтағы өсімі 33%-ды көрсетіп тұр.
Әзірге Apple Watch смарт-сағатына қатысты сандық мәлімет берілмеді. Одан бөлек, жалпы табыс үлесіне iPod, Apple TV сынды өзге де компанияның өнімдері кірмеген.
Ж. Өрісбай