Apple Watch смарт-сағатының 6000 қосымшасы бар

Apple Watch смарт-сағатының 6000 қосымшасы бар
Фото: www.digitaltrends.com

Apple Watch «ақылды» сағаты жан-жақты рекорд орнатудан қалып жатқан жоқ. Жақында нарықтағы сатылым көрсеткіші бойынша алдыңғы шептен көрінсе, енді сағаттың платформасына арналған қосымшаларының саны 6 мыңнан асып, iPhone мен iPad нәтижелерінен озып шықты. Бұл туралы App Store онлайн дүкеніндегі App Annie қызметі хабарлады.

Ресми ақпаратқа орай, гаджет сатылымға шыққанға дейін қосымшаралар саны 3 мыңның көлемінде болған. Демек смарт-сағат қосымшалары соңғы екі ай көлемінде екі еселеніпті.

Естеріңізге сала кетсек, App Store құрылған кезде небәрі 500 қосымша болған. Оның төрттен бір бөлігі ойындар болатын. Ал Apple Watch қосымшаларының арасында мүлде ойындар жоқ. Оның 10%-ын фитнес пен сауықтыру қосымшалары құрайды. App Annie мәліметіне орай, сағат дисплейіне арналған икемді ойындар енді шығарыла бастапты.

Айта кетсек, Apple Watch смарт-сағаты сәуір айынан сатыла бастады. Қысқа уақыт аралығында айтарлықтай танымал болып үлгерді. Ал WWDC 2015 халықаралық іс-шарасында жаңа платформамен қамтамасыз етілді. Бұл оның тағы да жаңа мүмкіндіктерге ие болатынын көрсетеді. 

Ж. Өрісбай