Қазақстандық күйші халықаралық этнобайқауда лауреат атанды

Қазақстандық күйші халықаралық этнобайқауда лауреат атанды
Фото: tn.kz

Қазақстандық күйші Набияр Алтаев Астраханда өткен V Халықаралық "Алтын дала дауысы-2015" этнобайқауында ІІ дәрежелі лауреат атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Байқауға концерттік ұйымдарда, театрларда, радио, телевизия, кино саласында жұмыс істейтін ТМД мен шетелдегі түрлі ұлттың дәстүрлі мәдениетін таныстырушы шығармашылық ұжымдардан 200-ге жуық әртіс пен ансамбль қатысты. Жеңімпаздар бірнеше аталым бойынша анықталды - халық әнін жеке орындау, дәстүрлі халық әнін ансамбльмен орындау, дәстүрлі халық әнін аспаппен орындау және дәстүрлі халық биі өнері.

Әділ қазылар алқасының қатарында өнертанушы доктор, Марий мемлекеттік университетінің профессоры Олег Герасимов, Литов эдукалогиялық университетінің профессоры Йонас Мардоса, Кельн университеті Еуропалық музыкалық энтография институтының адъюнкт-профессоры Клаус Нойман бар.

Айта кетейік, ақтаулық Набияр Алтаев Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Қазір Маңғыстау облысындағы филармонияда жұмыс істейді. Ол бұған дейін де халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған.

М. Бисембаева