Берік Әбдірахманов өзбек боксшысымен қайта жұдырықтасады

Берік Әбдірахманов өзбек боксшысымен қайта жұдырықтасады
Фото: kfb.kz

Қаңтар айында «AIBA Pro Boxing» жобасының чемпионы атанып, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алған отандасымыз Берік Әбдірахманов өз атағын өзбек боксшысы Хуршид Тожибаевқа қарсы қорғайтын болды. Қазақстандық боксшы жобаның бірінші кезеңіндегі финалда осы өзбек боксшысын жеңген болатын.

Елордада өткен 60 келіге дейінгі салмақтағы АРВ жобасының бірінші кезеңінде Берік Әбдірахманов Хуршид Тожибаевты 3:0 (77:75, 77:75, 78:74) есебімен ұтып, Рио жолдамасына ие болған еді. Жобаның екінші кезеңінде сәтті өнер көрсеткен өзбек боксшысы Берікпен қарымта жекпе-жек өткізуге мүмкіндік алды. Ол Олимпиада жолдамасы сарапқа салынған шешуші шайқасында ресейлік Дмитрий Полянскийді ұтты. Нәтижесінде екінші іріктеу кезеңінде топ жарып, қазақстандық боксшыдан кейінгі екінші жолдамаға ие болды. Екі боксшы да Олимпиадаға жолдама иеленіп үлгергенін ескеретін болсақ, қос кезең жеңімпаздарының шайқасы нағыз тартысқа толы болады деуге негіз бар. Бәлкім, Бразилияда да жүлдеге таласпасына кім кепіл?!

- Бұл өте кескілескен жекпе-жек болады. Дайындығымды шыңдайтын боламын. Әрине, өзбек боксшысы менен есе қайтарғысы келеді. Өз шаршы алаңындағы жеңілістің ауыр екенін біледі. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауы да жекпе-жекке әсерін тигізері сөзсіз - деді Берік Әбдірахманов.

Берік Әбдірахманов пен Хуршид Тожибаев арасындағы жұдырықтасу қыркүйек айында өтеді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан бокс құрамасының қоржынында Олимпиаданың 3 жолдамасы бар. Берік Әбдірахмановтан өзге АРВ жобасында 49 келіге дейінгі салмақта Біржан Жақыпов Бразилияға дайындығын бастап кетсе, WSB жобасында сәтті өнер көрсеткен Василий Левит та Олимпиадада ел намысын қорғайды. 

О. Сансызбай