Біржан Жақыпов Рио Олимпиадасының жолдамасына ие болды

Біржан Жақыпов Рио Олимпиадасының жолдамасына ие болды
Фото: vesti.kz

Бокстан әлем чемпионы, қазақстандық Біржан Жақыпов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасына ие болды. Отандасымыз жолдамаға APB жобасы аясында қол жеткізді.

«AIBA Pro Boxing» жобасындағы 49 келіге дейінгі салмақтағы бокс жекпе-жектері Гонконгта өтіп келеді. Бүгін өткен жобаның екінші кезеңінде Біржан Жақыпов эквадорлық Карлос Эдуардо Куипо Пилатаксиді жеңді. Жекпе-жекте Оңтүстік Америка құрлығының боксшысы ширақ қимылдағанмен, отандасымыз қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Көп тұста қолы мен бойының ұзындығы Біржанға қол болды да. Үш төреші де 75:77, 75:76, 74:78 нәтижелерімен отандасымызды жеңімпаз ретінде таныды. Нәтижесінде 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиадаға жолдама жеңіп алды. 

31 жастағы қазақстандық боксшы Рио жолдамасын иеленіп қана қоймай, қытайлық Лю Бинмен АРВ жобасының чемпиондық белбеуіне таласатын болады. Бұл жекпе-жек 11-12 қыркүйек аралығында өтеді. Бірінші кезеңде Біржан Жақыпов қарсыласына есе жіберіп алған болатын.

Айта кетейік, осыған дейін АРВ жобасы аясында Берік Әбдірахманов Рио жолдамасына ие болған еді. Ал Ілияс Сүлейменов (52 келі) пен Антон Пинчук (91 келіге дейін) жолдама жолындағы таластарын алдағы уақытта жалғастырады. 

Ө. Сансызбай