Мейвезер соңғы жекпе-жегіне Головкинді таңдамады

Мейвезер соңғы жекпе-жегіне Головкинді таңдамады
Фото: massaget.kz

Кәсіпқой бокстағы екінші орта салмақта WBA, WBC және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Флойд Мейвезер (кішісі) күзде соңғы жекпе-жегін отандасы Андре Бертоға қарсы өткізетін болды. Осыған дейін батыстық басылымдар мен спорт сарапшылары Флойд Мейвезер соңғы жекпе-жегін Геннадий Головкинге қарсы өткізсе нағыз текетірес болады деп топшылаған еді.

Флойд Мейвезер қарсыластарын өзі таңдайды. Осыған дейін «USA Today» басылымы таратқан ақпарат бойынша, америкалық боксшы жұдырықтасатын қарсыласын толықтай зерттеп барып қана кездесуге шақырады екен. Одан өзге қаншалықты қаржыға кенелетіні туралы да естен шығармайды. Жылдық табысы ең жоғары боксшы соңғы кездесуінде мықты қарсыласпен жұдырықтасқысы да келмейді. Спорттық мансабында жеңілмеген боксшы ретінде есімін қалдыруды армандайды. Ол үшін Генаны таңдамайтыны о баста белгілі болған еді.

Геннадий Головкин осыған дейінгі сұхбаттарында Флойд Мейвезер (кішісі) немесе Мэнни Пакьяомен жұдырықтасу үшін салмақ ауыстыра алатынын айтқан еді. Әсіресе америкалық боксшымен шаршы алаңда кездесу басты арманы екенін де жасырмаған-ды. Бірақ, Флойд соңғы жекпе-жегіне Генаны таңдамады.

Флойд Мейвезер (кішісі) соңғы жекпе-жегін 12 қыркүйек күні Лас-Вегастағы «MGM Grand» кешенінде өткізеді. «Money» (Мейвезердің лақап аты) кәсіпқой бокстағы 19 жылдық мансабында 48 кездесу өткізіп барлығын жеңіспен аяқтаған. Ал Андре Берто болса спортық мансабында 33 жекпе-жек өткізген. Орта салмақта WBC және IBF чемпиондық белбеулеріне ие болған. Үш кездесуінде жеңіліс тапқан. Бокс кешін «CBS» телеарнасы тікелей эфирде тегін тарататын болады.

О. Сансызбай