«Арландардың» Шымкентте шаршы алаңға шығатын құрамы анықталды

«Арландардың» Шымкентте шаршы алаңға шығатын құрамы анықталды

Бүкіләлемдік бокс сериясындағы (WSB) кезекті кездесуін қазақстандық «Astana Arlans» Шымкентте өткізеді. Бүгін клубтың «Rafako Hussars Poland» клубына қарсы шығатын құрамы белгілі болды.

Марат Жақиев жаттықтыратын қазақстандық клуб «В» тобында осыған дейін өткізген сегіз кездесуінде де жеңіске жетті. Бірінші айналымда қазақстандық клуб көп кездесулерін өз алаңында өткізді. Енді елімізде өтетін екі кездесу ғана қалды. Екеуі де Шымкент қаласында өтетін болады.

Сегізінші турдан кейін «Astana Arlans» 24 ұпаймен «В» тобында жекедара көш бастап келеді. Ал, «Rafako Hussars Poland» бокс клубы 10 ұпаймен жетінші орында келеді.

Өткен турда «Aрландар» сырт алаңда «Caciques Venezuela» клубын 3:2 есебімен ұтқан болса, польшалық «Рafako Hussars Poland» клубы «Puerto Rico Hurricanes» боксшыларын жеңген. Негізінен кездесу ертең өтуі тиіс болатын. Бірақ, қонақтар визаны кеш алып, бір күн кешігіп отыр. Кездесу жеңіл атлетика спорт кешенінде өтеді. Билеттер Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның кассаларында сатылуда.

«Astana Arlans» сапынан 49 келіге дейін салмақта шымкенттік Жомарт Ержан шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы - Давид Себастьян Ягодзинский. 56 келіге дейінгі салмақта Мейірболат Тоитов Козловский Сильвестр Гржегоржбен жұдырықтасса, команда капитаны Самат Бәшеновке Леговский Казимир Гржижтов қарсылас атанды.

Биылғы маусымдағы WSB жобасында 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының 17 жолдамасы сарапқа салынуда. Одан қазақстандық боксшылардың да зор үміті бар. Солардың қатарына Мейірім Нұрсұлтанов пен Василий Левитті жатқызуға болады. Екі боксшының да нағыз сыналар сәті келіп жетті.

75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Мейірім Нұрсұлтановтың WSB жобасындағы басты қарсыластарының бірі – осы «Рafako Hussars Poland» клубының былғары қолғап шебері Томаш Яблонский. Ол осыған дейін 4 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Рейтингте көш бастап тұр. 3 кездесуін де жеңіспен аяқтаған отандасымыз үшін бұл жекпе-жектің маңызы жоғары.

91 келіге дейінгі салмақтағы Василий Левиттің де қарсыласы бұл салмақта көш бастап тұр. Тіпті, жекпе-жек алдындағы сұқбатында қазақстандық боксшыны қалай жеңудің жолын білемін деп те жар салды. Бірақ, «Astana Arlans» боксшысы да қарсыласын жеңудің жолын білуі тиіс.

Айта кетейік, «Astana Arlans» пен «Рafako Hussars Poland» клубы арасындағы жекпе-жектерді «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

Сурет: vk.com

Оқи отырыңыз 

Жаңа маусымдағы «Astana Arlans» сапына кімдер қосылды?

«Astana Arlans» V маусымды жеңіспен бастады

«Astana Arlans» Польшада «Hussars Poland» клубын жеңді

«Astana Arlans» Губада «Baku Fires» командасын жеңді

«Арландар» «Нокаутшыларды» нокаутқа жіберді

О. Сансызбай