«Astana Arlans» Польшада «Hussars Poland» клубын жеңді

«Astana Arlans» Польшада «Hussars Poland» клубын жеңді

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» командасы V маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Польшаның Люблин қаласында өткен жекпе-жек кешінде Марат Жақиев шәкірттері жергілікті «Hussars Poland» клубынан 2:3 есебімен басым түсті.

Бірінші болып шаршы алаңға 52 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар көтерілді. Отандасымыз Олжас Сәттібаев жекпе-жегін сәтті өткізді. Гонг дауысы естілісімен басымдылыққа ұмтылған қазақстандық боксшы ұстанған жүйесінен нәтиже шығара білді. Польшалық клубтың намысын қорғайтын Хамза Туба Олжасқа қарсылық таныта алмады. «Astana Arlans» боксшысы жекпе-жекті айқын басымдықпен аяқтады.

60 келі салмақта «Astana Arlans» командасы сапынан Закир Сафуиллин шаршы алаңға көтерілді. Клуб сапындағы алғашқы жекпе-жегіне шыққан отандасымыздың жолы болмады. Бірінші раундта-ақ белсенділік танытып, кейінгі уақыттарда көзге түсе алмады. Әккі қарсыласы Давид Павел Михелус мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде командалардың есебі теңесті.

Закир Сафуиллиннен кейін жұдырықтасқан 69 келі салмақтағы Мадияр Әшкеев те «Hussars Poland» клубының боксшысына есе жіберіп алды. Стивен Джерард Донелли сәтті өнер көрсетті. Ал отандасымыз болса сылбыр қимылдап, соққыларын дарыта алмады. Үшінші раундта ғана белсенділік таныта білді. Өзге раундтарда төрешілер польшалық клубтың боксшысын жеңімпаз ретінде таныды.

81 келі салмақ дәрежесіндегі жекпе-жек аса тартысты өтті. «Astana Arlans» командасының легионері Хрвое Сеп соңғы раундқа дейін барын салып жұдырықтасты. Қарсыласы Матеуш Трыц та осал емес екен. Өз кезегінде аянып қалмады. Төртінші раунд қорытындысы бойынша екі боксшының ұпайы тең болды. Жекпе-жекті бесінші раунд шешті. Қазақстандық клубтың хорватиялық легионері ширақ қимылдап, соққыларын қарсыласына дарыта білді. Нәтижесінде таразы басын теңестіріп, клубты жеңілістен құтқарып қалды.

91 келіден жоғары салмақта поляктар Ярослав Колковскиді жарысқа қосатынын хабарлаған. Кейіннен оны Павел Вержбицкийге алмастырды. Ал «Astana Arlans» Филипп Хрговичті алмастырған жоқ. Себебі, клубтың хорватиялық легионері жеңіске бастар жолды таба білетін боксшылар қатарынан. Сондықтан Марат Жақиев шәкірттерінің құрамына өзгеріс енгізбеді. Филипп Хргович болса Павел Вержбицкийді оңай жеңді. Көзі көгерген поляк боксшысы командасына пайда тигізген жоқ. Нәтижесінде «Astana Arlans» 2:3 есебімен V маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Ал «Hussars Poland» болса екінші кездесу қатарынан жеңіліс тауып отыр.

Естеріңізде болса, «Astana Arlans» командасы бірінші кездесуін Алматыда Венесуэланың «Caciques Venezuela» клубымен өткізіп, 5:0 есебімен жеңген болатын. Марат Жақиев шәкірттері үшінші кездесуін түзде Әзірбайжанның «Baku Fires» клубымен өткізеді. 

Сурет:vk.com

Ө. Сансызбай