Жаңа маусымдағы «Astana Arlans» сапына кімдер қосылды?

Жаңа маусымдағы «Astana Arlans» сапына кімдер қосылды?

Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» клубының V маусымдағы құрамы белгілі болды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

Клуб жаңа маусымдағы құрамын ресми түрде жариялады. Айта кетейік, осыған дейін «Astana Arlans» директоры қызметіне Серік Сәпиев тағайындалса, бас бапкерлікке ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Жақиев келген еді. Енді боксшылар Талғар қаласындағы бүкіләлемдік бокс академиясында оқу-жаттығу жиындарын бастап, дайындықтарын шыңдайтын болады.

«Astana Arlans» командасы жариялаған тізімге назар салып қарар болсақ, жаңа маусымда әр салмақта қатарларына боксшылар қосқанын байқауға болады. Оның біразын Таразда өткен ел чемпионатында таңдағанға да ұқсайды. Сонымен, бұл маусымдағы клуб қатарына кімдер қосылды?

49 келіде «Astana Arlans» командасы Жомарт Ержанды қатарларына қосқан. Оңтүстік Қазақстан облысының боксшысы Тараздағы ел чемпионатында финалда клубтың тағы бір боксшысы Теміртас Жүсіповтан жеңіліп қалған болатын. Ал бұл салмақтағы үшінші боксшы да биылғы ел чемпионатында қола жүлде еншілеген, осыған дейін команда сапында өнер көрсетіп келе жатқан – Мардан Берікбаев.

52 келі салмақ дәрежесінде клуб Олжас Сәттібаевты қатарларына қайта қосып отыр. Естеріңізде болса, өткен маусымда Жамбыл өңірінің былғары қолғап шебері денсаулығына байланысты клуб қатарынан шығып қалған еді. Таразда өткен ел чемпионатының финалында маңғыстаулық Азамат Исақұловты жеңіп, алтыннан алқа таққан еді. Бұл екі боксшы да жаңа құрамға енген. Сонымен қатар, клубта өнер көрсетіп жүрген Мирас Жақыпов бар. Ол Тараздағы додада қола жүлдегер атанған еді.

56 келіде Мәди Шолақов пен Мейірболат Тоитов қатарын Нұрсұлтан Көшеғұлов толықтырды. Ақмола облысының боксшысы ел чемпионатының финалында Алмас Жақыповқа (Жамбыл облысы) ұтылған-ды.

60 келі салмақта Ержан Мұсафиров пен Роман Щегриновтан өзге команда сапына Закир Сафиуллин қосылды. Ол Тараздағы ел чемпионатында финалға шыққан оңтүстік қазақстандық 6 боксшының ішінен жалғыз өзі топ жарған еді.

64 келі салмақ дәрежесінде «Astana Arlans» командасына Асхат Уәлиханов пен Самат Башеновтан өзге Бекболат Құрамысов қосылды.

AIBA таңдауымен екінші жыл қатарынан «жыл боксшысы» атанған Данияр Елеусінов пен өткен маусымда клуб қатарында бақ сынаған Мадияр Әшкеев (69 келі) қатарына Асланбек Шымбергенов пен Қанағат Маралов қосылды. Осыған дейін хабарлағанымыздай, Асланбек ел чемпионатының үздік боксшысы атанған еді.

Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы және Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да «Astana Arlans» командасына қосылды. Сонымен қатар, 75 келіде осыған дейін бақ сынап келген Мейірім Нұрсұлтановпен бірге Айдос Ербосынұлы да жаттығатын болады.

81 келідегі клубтың хорватиялық легионері Хрвое Сеп V маусымда да жұдырықтасатын болды. Одан бөлек команда сапына Әли Ахметов пен Нұрдәулет Жарменов қосылды. Екі боксшы да Тараздағы ел чемпионатына қатысқан. Нұрдәулет Жарманов (Ақмола обл.) күмісті қанағат тұтса, Әли Ахметов (Алматы обл.) қола жүлдегер атанған болатын.

91 келі салмақ дәрежесінде клуб қатарында екі боксшы ғана бар. Оның бірі - «Astana Arlans» намысын қорғап келе жатқан Василий Левит болса, екіншісі клубқа жаңа қосылған – Алмат Серімов. Ақмола облысының былғары қолғап шебері де ел чемпионатында үздік өнерімен көзге түскен еді.

Аса ауыр салмақта «Astana Arlans» сапына Иван Дычко қосылды. Нәтижесінде ұлттық құрама боксшыларымен толыққан клуб өз құрамын нығайта түскен десек қателеспейміз. Иваннан өзге бұл салмақта Руслан Мырсатаев пен екінші бір хорватиялық легионер Филип Хргович өнер көрсетеді.

Олимпиада ойындарының лицензиясы таратылатын WSB жобасының бесінші маусымы қаңтар айында басталады. Осыған дейін тартылған жеребе бойынша «Astana Arlans» клубы «В» тобына түскен. Олардың бұл топтағы қарсыластары:«Argentina Condors» (Аргентина), «Venezuela» (Венесуэла), «USA KnocKouts» (АҚШ), «Italia Thunder» (Италия), «Azerbaijan Baku Fires» (Әзірбайжан) және «Poland Hussars» (Польша) клубтары. Жерлестерімізге жаңа маусымда жарқын жеңістер тілейміз!

Сурет: kfb.kz,astanaarlans.kz

О. Сансызбай