Samsung Android нарығындағы ең үлкен планшетті таныстырды

Samsung Android нарығындағы ең үлкен планшетті таныстырды
Фото: www.digitaltrends.com

Оңтүстік корейлік компания нарықтағы Android операциялық жүйесі негізінде жұмыс істейтін ең үлкен мобильді құрылғыны таныстырды.

Galaxy View атауына ие болған техникалық өнім арнайы видеоматериалдар мен өзге де мультимедиалық контенттерді қарауға арналып шығарылған. Гаджет Android 5.1 Lollipop платформасы негізінде жұмыс істейді.

Планшеттің диагоналі – 18,4 дюйм. Galaxy View техникалық мүмкіндігіне келер болсақ, ол 1,6 гигагерц жиілікпен жұмыс істейтін 8 ядролы процессормен жабдықталған. Оперативті жады 2 гигабайт болса, қосалқы жады ретінде 64 гигабайтқа дейін көтереді.

Америкалық The Verge ресурсы планшеттің көлемін ескеріп, Samsung өнімін «қолда алып жүруге болатын теледидар» деп атады. Ал оны қолайлы етіп үстелге тігінен қою үшін арнайы тіреуішпен қаматамасыз етілген. Сонымен қатар, жаңа девайс қолданушыларын 8 Вт динамикалық қуатымен қуанта алады.

Әзірге Galaxy View планшетінің әлемдік нарықта сатылымға шығу уақыты белгісіз. Оның орташа бағасы да айтылмады. 

Ж. Өрісбай