LG қос экранды теледидар жасап шығарды

LG қос экранды теледидар жасап шығарды
Фото: www.gadgetblog.ru

LG Electronics компаниясы теледидар саласында әртүрлі тәжірибе жүргізуді жалғастырып келеді. Олар құрастырып шығарған «Wallpaper» деп аталатын кезекті теледидардың артқы бөлігін де экран ретінде пайдалануға болады.

111 дюймді теледидардың екі жағы -  OLED-дисплей. Оңтүстік Корея инженерлері әзірге жаңа теледидардың алғашқы нұсқасын жасап шығарды. Ол болашақта коммерциялық мақсатта ғана құрастырылады. Ал бағасы туралы нақты ақпарат жоқ.

Экранның панелі ерекше құрылымға ие. Нақтырақ айтсақ, 65 дюймді үш панельмен жасақталған. Теледидардың диплейі кез келген жаққа қарай бүктеледі. Техниканы құрастырушылар бұдан өзге мәліметтерді әзірге құпия ұстап отыр. 

LG компаниясы жаңа теледидардың екі түрлі нұсқасын ұсынды. Бірі жоғарыда айтып өткеніміздей, 111 дюймді модель болса, екіншісінің диагоналі – 55 дюйм. Ал қалыңдығы небәрі – 5,3 мм. Сондықтан жаңа теледидарды қабырғаға оңай ілеміз. 

Айта кетсек, бұл өнім – OLED технологиясын жаппай қолданысқа енгізу мақсатында жасалған қадамдардың бірі. Оңтүстік кореялық компания теледидарлардың құрылымына органикалық жарық диодтарын кірістіруді жоспарлап отыр.

Ж. Өрісбай