Небәрі 16 жастағы бозбала Apple сайтын бірнеше рет "бұзып" кірген

Небәрі 16 жастағы бозбала Apple сайтын бірнеше рет "бұзып" кірген
Фото: http://racurs.ua

Австралияның Мельбурн қаласының 16 жастағы тұрғыны әлемдегі әйгілі компанияның хакерлерге қарсы бұғатын бұзып, қызметкерлерге арналған ішкі сайттан құнды құжаттарды жүктеп алған. Ым-жымын білдірмей ұрлыққа түскен жас кибершабуылшы сайтқа бір емес бірнеше мәрте ізін жасырып, астыртын кіріп отырыпты.

Бұл оқиға әшкереленіп, қазіргі уақытта заң жүзінде іс қозғалып жатыр. Тергеушілердің мәлімдемесі бойынша, жасөспірім 2017 жылы сайтқа бірнеше мәрте жасырын кірген. Тергеу жұмыстарының талабы бойынша, бозбаланың есімі хабарланған жоқ. Алайда, бұл жеткіншек хакерлер арасында айтарлықтай абыройға ие көрінеді. Ол компанияның тек қызметкерлері ғана кіре алатын ішкі сайттан 90 Гбайттық құжаттарды жүктеген.

Жергілікті полиция қызметкерлері жас қылмыскерді іздестіру кезінде оның үйінен екі MacBook ноутбугын тапқан. Барлық ұрланған ақпараттар осы құрылғының жадына сақталыпты. Мамандар бұдан бөлек, жұмыс үстелінен «hacky hack hack» атты папканы тауып алды. Сайтты бұзу нұсқаулықтары дәл осы папкада сақталыпты. Қылмыскер, заңсыз әрекетін сәтті аяқтағаннан кейін WhatsApp мессенджері арқылы достарына хабарлап, әбден мақтанған екен.

Қылмыскерді қандай жаза күтіп тұрғаны әзірше белгісіз. Жеткіншек қорғаушысының баяндауы бойынша, бұл бала Apple компаниясында жұмыс істеуді армандаған екен. Компанияның ішкі жұмысымен танысу үшін, ол осындай заңсыз әрекетке барған.

А. Қажиев