Илон Маск: «2018 жыл менің өмірімдегі ең ауыр жыл болды»

Илон Маск: «2018 жыл менің өмірімдегі ең ауыр жыл болды»
Фото: yaplakal.com, chudo.tech

Америкалық миллиардер, Tesla, SpaceX компанияларының президенті Илон Маск The New York Times басылымына сұхбат берді. Әңгіме барысында әйгілі кәсіпкер биылғы жылы сәтсіздікке көп ұшырағанын және бұл қиындықтардың басым көпшілігі Tesla электркөлігімен байланысты екенін жасырмай айтты.

«Міндеттелген жұмыс бастан асады. Демалуға уақыт жоқ. Аңғарсам, соңғы уақытта аптасына 120 сағат кеңседе тоқтаусыз жұмыс жасап жүр екенмін. Тіпті, үйге қайтпай, кеңседе қонуды да әдетке айналдырып алғандаймын. Мысалы, жақында ғана «Гигафабрикада» (Tesla көліктерін жасап шығаратын зауыт) көшеге де шықпастан тура 4 күн дамылсыз жұмыс істеппін», - дейді әйгілі кәсіпкер.

Сұхбат барысында Илон Маск, сонымен қатар уақыттың тығыздығынан достарымен де жолығудан қалғанын, тіпті ағасының үйлену тойына ұйықтап қала жаздағанын бүкпесіз айтып берді. Өзінің туған күнін де кеңседе өткізіпті. Сұхбат кейіпкері еңбек демалысына соңғы рет 2001 жылы денсаулығына байланысты шыққан екен. Сол уақыттан бері, кәсіпкер мүлде демалсыз жұмыс істеуде. Есесіне, ол осы уақыт аралығында талай жетістікке қол жеткізді.

Дегенмен, осы талпыныстың, еңбекқорлықтың арқасында Tesla компаниясының жағдайы қазір қалыпқа келгенге ұқсайды. Бұны компания басшысы айтып отыр. Алдынан түрлі кедергілер, қиындықтар шығып жатса да, Илон Маск өзінің жасап жатқан жұмысына жоғары баға береді. «Егер сіз Tesla компаниясы үшін меннен артық тер төгіп жатқан адамның атын айтсаңыз, мен қолымдағы билікті сол адамға толығымен бере салар едім», - дейді кәсіпкер журналистке.

Сұхбаттың соңында миллиардер биыл көптеген сәтсіздікке ұшырағанын жасырмай айтты. Оның ойынша, қазіргі уақыт ол үшін сынақ кезеңі, оның соңы міндетті түрде болады. Сондықтан, Илон Маск бұл қиындықтарды қалыпты жағдай деп түсінеді.

Илон Маскке қатысты қазіргі уақытта түрлі даулы мәселелер көтеріліп жатыр. Өткен аптада Tesla компаниясының акционерлері Маскке қарсы арыз жазып, мәселені сотқа дейін жеткізді. Сонымен қатар, Тайландтағы жоғалған балаларға қатысты пікір білдіріп, құтқарушыны балағаттағаны үшін оның есімі дауға қалды.

А. Қажиев