Банк қосымшалары арқылы ақша ұрлайтын вирустар күрт көбейді

Банк қосымшалары арқылы ақша ұрлайтын вирустар күрт көбейді
Фото: Novator.io

2018 жылдың шілде айынан бері мобильді банк қосымшаларынан ақша ұрлайтын вирустар саны 3,2 есе көбейген. Бұл туралы Халықаралық Kaspersky антивирусының ресми сайты хабарлады.

Зиян келтіруші троян вирустары смартфонға енген бойда ішіндегі барлық файлды зақымдау әрекетіне кіріседі. Ол тіпті телефондағы мобильді банк қосымшаларына, такси шақырту бағдарламаларына, әлеуметтік желі қосымшаларына әсер етуге қауқарлы. Вирус қосымшаға қолданушы логин мен құпия сөзді енгізген кезде кіріп, сол мезетте шоттағы қаржыны жымқыруға тырысады.

Мамандардың айтуынша, Android операциялық жүйесі көп жағдайда троян вирустарына қарсы тұра алмайды екен. Трояндар бұл операциялық жүйеге бірден бас салып, еніп кетеді. Сонымен қатар, қолданушының жеке шотынан ұрланған қаржының қайтарылуы екіталай шаруа. Себебі, ұрлық кезіндегі барлық жауапкершілік қолданушының өзіне жүктеледі. Мобильді құрылғыны қолданушының вирусқа қарсы тұрар арнайы бағдарлама орнатпағанына банк жауап бермейді.

Мамандар бұндай кибершабуылдан қорғану үшін операциялық жүйеге өзгертулер енгізілген кезде үнемі жаңартып отыру керектігін ескертеді. Соңғы нұсқадағы операциялық жүйе ақша ұрлауға пайдаланылатын вирустың құрылғы ішіне енбеуінен сақтайды. Сонымен қатар, жүктелген қосымшаларды да үнемі жаңартып отыру керек және қосымшаны тек Google Play, App store сияқты ресми маркеттерден жүктеу керек.

Қосымша ескерте кететін тағы бір дерек, құпия сөздің қысқа әрі оңай болуы да вирустардың жұмысын жеңілдететіні белгілі. Сол себепті, құпия сөзді жазғанда әріптермен қатар сандарды, символдарды да енгізу керек. Тек қосымшаның құпия сөзі ғана емес, телефонның да кілт сөзі неғұрлым қиынырақ болғаны дұрыс. Осы әрекеттерді орындау арқылы троян вирустарының шабуылын тоқтатуға болады.

А. Қажиев