WSB:«Astana Arlans» vs «Baku Fires»

WSB:«Astana Arlans» vs «Baku Fires»
Фото: vk.com, vesti.kz

23 қаңтар күні «Astana Arlans» бокс клубы бүкіләлемдік бокс сериясының жаңа маусымындағы алғашқы кездесуін өткізеді. Әзірбайжанның «Baku Fires» клубына қарсы өтетін кездесуде шаршы алаңға шығатын боксшылар бүгін салмақ өлшеу рәсімінен өтті.

Осыған дейін қос клубтың бірінші жекпе-жекте шаршы алаңға шығуы мүмкін құрамы туралы хабарлаған болатынбыз. Алайда ол құрамға өзгерістер еніп отыр. Нақтырақ айтсақ, 91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит (жаңа маусымдағы құрамда жоқ) жұдырықтасуы мүмкін деп күтілген еді. Оның орнына Еркін Мұхамеджан шығады. Ал 64 келіге дейінгі салмақта Самат Башенов емес, Асхат Уәлиханов жұдырықтасатын болды. Ендеше боксшылар туралы біле отырыңыздар.

49 келі. Теміртас Жүсіпов VS Джавид Дадашов

49 келіге дейінгі салмақта «Astana Arlans» сапынан Теміртас Жүсіпов шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – Жавид Дадашов. Әзірбайжандық боксшы WSB жобасында алғаш рет бақ сынап жатыр. Ал Теміртастың бұл жарыста үлкен тәжірибесі бар.

56 келі. Мейірболат Тоитов VS Яраш Магомедов

56 келіге дейінгі салмақта  Мейірбат Тоитов пен Яраш Магомедов жұдырық түйістіреді. Яраш та WSB жобасына алғаш рет қатысып отыр. Сондықтан да қазақстандық боксшыны фаворит ретінде қарауға болады.

64 келі. Асхат Уалиханов VS Гайбатулла Гаджиев

Бұл салмақ қазақстандық клуб сапынан Самат Башенов шығады деп күтілген еді. Алайда алғашқы жекпе-жекке Асхат Уәлихановтың шығатыны белгілі болды. Отандасымыз WSB жобасында осыған дейін бақ сынап, тәжірибе жинаған. Асхаттың қарсыласы да осал емес. Гайбатулла Гаджалиев осыған дейін WSB жобасында 7 жекпе-жек өткізіп, біреуінде ғана жеңілген.

75 келі. Мейірім Нұрсұлтанов VS Бадри Хардзиани

75 келіге дейінгі салмақта «Astana Arlans» құрамы мықты боксшылармен толыққан. Бұл салмақта бірінші жекпе-жекке Мейірім Нұрсұлтанов шығатын болды. Отандасымыз осыған дейінгі WSB жобасы жекпе-жектерінде жарқын жеңістерімен жанкүйерлерін қуантып келеді. Ал оның қарсыласы Бадри Хардзиани жоба аясындағы алғашқы жекпе-жегіне шығады.

91 келі. Еркін Мухамеджан VS Гаджи Муртазалиев

Өткен маусымда бұл салмақ дәрежесінде Василий Левит клуб намысын қорғап, Рио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған еді. Биыл ол жолды Еркін Мұхамеджан мен Рахман Әлжанов жалғамақ. Әзірбайжандық клубқа қарсы кездесуде Еркін Мұхамеджан жұдырықтасатын болды. Оның қарсыласы – Гаджи Муртазалиев. Бұл боксшы осыған дейін WSB жобасында оннан асық жекпе-жек өткізген. Тек төрт кездесуінде ғана жеңіске жеткен.

23 қаңтар күнгі «Astana Arlans» пен «Baku Fires» клубтары арасындағы жекпе-жекті «Хабар» арнасы көрсетеді. Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы бокс кешенінде өтетін кездесуге кіру билеттері 1500-3000 теңге аралығында сатылуда.

О. Сансызбай