Жаңа маусымдағы «Арландардың» жекпе-жегін қай арна көрсетеді?

Жаңа маусымдағы «Арландардың» жекпе-жегін қай арна көрсетеді?
Фото: eubcboxing.org

Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» клубының VI маусымдағы кездесулерін «Хабар» арнасы көрсетеді. Қазақстандық клуб топтағы алғашқы жекпе-жектерін 23 қаңтар күні Қарағандыда «Baku Fires» клубына қарсы өткізеді. 

Қазақстандық клуб өткен маусымның финалында Бостандық аралының «Cuba Domeodores» клубын  6:4 есебімен ұтып, екі дүркін чемпион атанған болатын. Биыл «Astana Arlans» құрамына ұлттық құраманың боксшылары қосылған жоқ. Клуб директоры Серік Сәпиев хабарлағандай, олар бар дайындықтарын Олимпиадаға жолдама алу мен сәтті өткізу үшін тер төгетін болады. Сондай-ақ, жаңа маусымдағы құрам тізімінде клубтың хорватиялық легионерлері Филипп Хргович пен Хрвое Сеп жоқ.

Өткен маусымда «Astana Arlans» клубының бас бапкері қызметін Марат Жақиев атқарған болатын. Биыл тәжірибелі бапкер шәкірттерін Олимпиада ойындарына дайындау мақсатында қызметін босатыпты. VI маусымда клубта аға бапкер қызметін танымал бапкер Нұрлан Ақүрпеков атқарады.

Айта кетейік, биылғы маусымда «Астана арландары» «D» тобында «Baku Fires» (Әзірбайжан), «Puerto Rico Hurricanes» (Пуэрто-Рико), «Tеам Uzbekistan» (Өзбекстан) клубтарымен сынға түседі. 

Ө. Сансызбай