Руслан Мырсатаев кәсіпқой бокстағы қадамын Алматыдан бастайды

Руслан Мырсатаев кәсіпқой бокстағы қадамын Алматыдан бастайды
Фото: inboxing.kz

Қазақстандық боксшы Руслан Мырсатаев кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамын Алматыдан бастайды. Бұл туралы inboxing.kz сайты хабарлап отыр.

Руслан Мырсатаевтың аса ауыр салмақта кәсіпқой боксқа ауысатыны осыған дейін белгілі болған еді. Отандасымыздың кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы ресейлік Валерий Замиралов болып отыр. Ол осыған дейін кәсіпқой бокста үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңіліс тапқан. Жекпе-жек 30 қаңтар күні Алматыдағы Royal Tulip қонақ үйінде өтеді.

Руслан мен Валерий арасындағы жекпе-жек кештің басты айқасы саналып отыр. Оларға дейін Айдос Ербосынұлы, Берікбай Нұрымбетов, Нұрсұлтан Қабдулов және тағы басқа қазақстандық боксшылар кезекті рейтингтік кездесулерін өткізеді. Бокс жекпе-жектерін «BM Global» және «Diamond Ring» ЖШС-і және Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы ұйымдастырып отыр.

Айта кетейік, Руслан Мырсатаев ұлттық құрама сапында 2008 жылы Қытай астанасы – Бейжің қаласында өткен Олимпиада ойындарына қатысты. Одан бөлек, ол «Astana Arlans» клубымен бірге Бүкіләлемдік бокс сериясы сайысының чемпионы атанған еді.

О. Сансызбай