Латвиялық контратенор – Астанада

Латвиялық контратенор – Астанада
Фото: tengrinews.kz

Латвиялық белгілі контратенор Сергей Егерс 11 желтоқсан күні «Астана Опера» театрының Камералық залында өтетін  «Көктен төгілген дауыс» концертінде өнер көрсетеді.

Cергей Егерс табиғатта сирек кездесетін дауыс иесі. Контратенор – ерлер арасындағы опералық дауыстың ең жоғарғысы екендігін есімізге алайық.

Фортепиано партиясын Иева Шмите-Мисиня орындайды. Ол – Латвия радиосы хоры мен Латвия Мемлекеттік академиялық хорының көптеген музыкалық жобаларының қатысушысы.

Кеш репертуарын құрайтын музыкалық шығармалар, әралуандығымен ерекше. Көрермен назарына тек барокко дәуірінің шығармалары ғана емес, сондай-ақ, К.В.Глюктің «Орфей мен Эвридика» операсынан Орфейдің «Мен Эвридиканы жоғалттым...» ариясы, А.Лоттидің «Әйтеуір айттың-ау», Дж.Каччинидің «Ave Maria», В.Беллинидің «Сүйікті ай» әні және солисттің ойынша, алда келе жатқан жаңа жыл қарсаңында тыңдарманға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын латвиялық композиторлардың рождестволық әндері ұсынылады.

– Біз қазақстандық жаңа театр – «Астана Опера» сахнасында өнер көрсететінімізге қуаныштымыз. Концерт тағы бір маңызды мереке – Қазақстан Тәуелсіздігі күні қарсаңында өткелі тұр. Биыл сіздер мерейтойды 25 жылдықты атап өтетіндеріңізді білеміз. Жас мемлекеттеріңізге өсіп-өркендеу, саяси және экономикалық тұрақтылық тілегіміз келеді, - дейді әртістер. 

Г. Берік