Диас Ахметов: Көзі дұрыс көрмей жүрген адамдарға садақ атуға кеңес беремін

Диас Ахметов: Көзі дұрыс көрмей жүрген адамдарға садақ атуға кеңес беремін

Еліміздегі садақ ату спорты қалай дамып жатыр? Ұлттық спортты меңгерген адамдар саны қанша? Садақшыларымыз биыл елордада өтетін Дүнижүзілік көшпенділер ойындарына дайын ба? Қандай жүлдеден үмітті? Massaget.kz тілшісі Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті, ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметовпен қазіргі спорттың ахуалы жөнінде сұхбаттасып қайтты. 

- Әр спорттың берер пайдасы бар. Садақ ату өнерімен айналысқан адам не ұтады?

 - Әр бала өзінің бойын түзу ұстауға әдеттенеді. Сонымен қоса садақ ату адамды төзімділік пен сабырға, ұқыптылыққа үйретеді. Одан соң балалар көбіне тарихты оқи бастайды, ата-бабаларымыз туралы деректерге қызығады, қазақ тілі мен ұлттық киімге деген махаббаты оянады. Көзі дұрыс көрмей жүрген адамдарға садақ атуға қатысуға кеңес беремін. Көзінде ақауы бар баланың көз алдымызда жаттығып жүріп, оңалып кеткенін өзім куәгер болған кездер болды. Сондықтан садақ ату тек спорт емес, жанға да шипа десем артық айтпаймын.

  - Бүгінде садақшылар қалай жаттығады? Қатысам дейтін адамға нені ескеріп, нені білу керек?

 - Садақшы бір рет жаттықанда нысанаға 150-дей оқ атады. Ал мұндай кезде садақтың жібін тартатын бас бармаққа кемі 15 келі салмақ түседі. Сол 15 келіні 150 рет жерден жаққа дейін көтергенде бармақ пен иық талып кетеді. Сондықтан адырнаны тартқанда қолымыз бен білегіміз мықты болуға тиіс. Нысанаға ата-ата қолдың күші тала бастағанда қол дірілдейді, бұл өз кезегінде оқтың ұшуына едәуір әсер етеді. Мәселен, 70 метрдегі нысанаға тигізу үшін сіз 0,1 миллиметр болсын қателеспеуге тиіссіз, себебі кішкентай ғана қателік нысанаға дәл тию ықтималдығын азайтады. Садақ атқан кезде көбіне оң жақ жауырын жұмыс істейді, сол себепті бел не омыртқа ауруынан сақтану үшін жаттығу алдында турникке тартылу керек. Турникте созылып, екі жауырынға да салмақ түсіруге тырысқан жөн.  

- Садақ атуға физикалық белсенділіктің әсері қандай? Әлде дене бітімді таңдамайтын спорт па?

 - Бастапқы кезде ештеңе әсер етпейді. Өйткені спортшы даму кезеңінде жүреді. Кейін адам өзін формада ұстауға бекінеді, себебі артық салмағын құртпаса жетістікке деген үміт те азая береді. Алайда, бір қызық статистика бар. Мысалы, денесі ірі жігіттер садақты атқан кезде мығым орындайды, яғни көп қателікке бой алдырмайды. Арық адамдарға келсек, атқан оғы өзі ойлағандай сәтті шыға бермейді. Бірақ бұл нақты дәлелденбеген статистика...

 - Тарихымызда батыр әйелдер де болған. Бүгінгі таңда садақ ату спортына қатысатын қаракөздеріміздің қатары көп. Олар туралы не дейсіз?

 - Ер адамның шақырған жаттығуға келуі қиын дүние. Кейде олардың артынан "қайдасың", "келсеңші" деп іздеп отыруға мәжбүр боласың. Ал қыздарда керісінше, басынан-ақ бәріне ұқыпты қарайды. Байқағаным, қыздардың ынтасы өте жоғары болып келеді. Алғашқы рет садақ ату үйірмесін ашқан кезде бірінші болып қыздар қатысқан еді. Жалпы, бүгінде 12 адам үйірмеге келсе, оның 10-ы қыз бала болады. Одан бөлек, Қостанай облысының садақ ату федерациясын, Маңғыстау өңірінің атын шығарып отырған қыздарымыз бар. Айтпағым, әйел адамдардың бұл спортқа деген жауапкершілігі жоғары.

- Енді нақты қызметіңізге келейікші. Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті, ұлттық құраманың бас бапкерісіз. Биыл ел спорты сынға түсетін жыл. Дайындық қалай?

 - Иә, өздеріңізге мәлім, биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында өтеді. Бұл ауқымды сайыс бүкіл ұлттық спортымызға серпін береді деп айтуға болады. Үкімет пен жергілікті органдар ұлттық спорт төңірегіндегі мәселелерді жиі талқыға салып, отырыс өткізеді. Енді халықаралық жарыс басталғанша, уақытымызды тиімді пайдалануымыз керек. Дүнижүзілік көшпенділер ойындарында жалпы 20 спорт түрі болады, оның ішінде дәстүрлі садақ ату жеке спорт ретінде тіркеліп отыр. Бүгінгі таңда дәстүрлі садақ ату спортынан 24 мемлекет қатысуға ниет білдірді. Алдағы уақытта қатысушы мемлекеттер қатары артады, өйткені кейбір мемлекеттер әліде іріктеу жүргізіп жатыр. Негізі қатысушы мемлекеттер де бәсекеге қабілетті, жақсы деңгейде деп айта аламыз.

 Мемлекет бізді оқу-жаттығу жиындарына жіберіп тұрады. Мәселен, жақында садақ атудан ұлттық құрама спортшылары Малайзия еліне барып келді. Онда баруы тегіннен тегін емес, әрине. Жалпы біздің халық садақ атуды ата кәсіп секілді қабылдап, қанымызда бар дүние дегенге сенеміз, алайда садақ ату өнері көптеген мемлекеттің ата салты. Иә, көкпар, теңге ілу сынды ұлттық спортымыз бар, бірақ садақ ату әлемнің бүкіл елінде кең таралған. Сондықтан садақ ату – адамзаттың ұлттық спорты деп айтсақ артық айтпаймыз. Әрі садақ атуға деген икем барлық адамның бойында бар, бәрі жауынгер халық болған. Әрине ата-бабаларымыздың ерекше екенін жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, ата-бабаларымыз жайлы араб жазбаларында "біз бір оқты оқтағанша, көшпенділер 10 оқ атып үлгереді" деген сөз қалған. Қазақ батырлары ат үстінде жылдам әрі епті ата білген.

- Бір сөзбен айтқанда, садақ атуда қазақ мергендерінің қателесуге қақысы жоқ дейсіз ғой?

 - Малайзияда балалар 7-9 жасынан бастап айналысады. Кейбір садақшылары 30-40 жыл бойы бұл спортпен шұғылданады екен. Дегенмен сол сапарда дәстүрлі садақ ату біздің халықтың қанына расыменде сіңгеніне көзім жетті. Себебі, қазақ жігіттері малайлардан тәжірибесі аз, 2-3 жыл айналысқан болса да, тең түсіп, тең дәрежеде өнер көрсете алды. Соның бір дәлелі былтыр Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойнында біздің отандасымыз  жүлделі орынға ие болды. Өзінің алғашқы шетелдегі жарысында Қанат Қасымхан атты бауырымыз күміс жүлдегер атанды. Ол тек алаң иесі түркиялықтарға бір ұпаймен ұтылды. Сайысқа 32 елден 105 споршы қатысқан болатын.

- Соңғы жылдары садақ ату өнері жақсы дамып келеді. Қазір ел бойынша қанша садақшы барын айта аласыз ба?

- Елімізде садақ ату өнері тек спорт бағытында емес, ұлттық құндылық ретінде дамып келеді. Сондықтан болар садақ атуымыз 2-3 жылдың ішінде жоғары деңгейге жетті. Еліміз бойынша кәсіби садақшы 1 мың қыз бала тіркеліп және ел бойынша 2 мыңға жуық кәсіби түрде айналысатын ер бала бар. Соған қарасақ, Қазақстанда 3 мыңнан астам адам садақ атумен кәсіби түрде айналысады. Дегенмен Астанадағы клубтың өзіне 2023 жылы 8 мыңға жуық адам садақ атып үйренемін деп тіркелген, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 6 мың адам болатын.

Елімізде дәстүрлі садақ атудан 2022 жылы тұңғыш рет ел чемпионаты ұйымдастырылды. Ол жарысқа жастар мен ересектер жиналып, бәрі 300-дей спортшы қатысты. Ал былтыр өткен ел чемпионатына ересектер – 200 спортшы, 100-ге жуық жастар және 200-ге жуық жасөспірім тіркелді. Бұл жарыс деңгейінің, жалпы спорт деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Ішкі чемпионатта үздік нәтиже көрсетіп жүрген Қанат Қасымханға да бәсекелестер табылып жатыр. Қазіргі таңда өңірлер арасындағы бәселекестік деңгейі қызып тұр десек болады.

- Дүнижүзілік көшпенділер ойынына қатысатын спортшыларымыз дайын ба?

 - Жалпы, былтырғы ел біріншілігінің нәтижесі бойынша 36 адам жасақталды, оның ішінен 10 адам Дүнижүзілік көшпенділер ойнына іріктеліп шығады. Себебі көшпенділер ойындарына әр мемлекеттен 6 ер адам, 4 қыз қатысады. Астанада өтетін дүбірлі доданың қазылары әр елден келеді.

 Алдын ала бірнәрсені кесіп айту қиын. Алға қойған мақсатымыз – қыздардың және ұлдардың арасынан бір-бір алтынға ие болу. Өйткені үміт артып отырған спортшыларымыз бар. Онымен қоса, жарыстың үштігіне кіреміз деген үмітіміз бар. Біздің негізгі қарсыластарымыз және сайыс фавориттері Түркия, Малайзия және Мажарстан. Олармен ілесіп келе жатқан Ресейдің барын ұмытпауымыз керек.

  - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз