"Әлі су келіп жатыр". Құлсарының қазіргі ахуалы қандай?

"Әлі су келіп жатыр". Құлсарының қазіргі ахуалы қандай?

Биылғы көктем алып атыраптағы ат төбеліндей ел үшін тым ауыр. Топан судың астында қалған ауылдардың есебін санасаң екі қолыңның саусаған қатар жұмуға тура келеді. Қазір еліміздің 10 өңірінде төтенше жағдай жарияланды. Ел болып бірігіп, еріктілер жұмылып қиын жағдайға тап болған отандастарымызға көмек қолын созуда. Massaget.kz тілшісі Атырау өлкесіне ат басын тіреп, жергілікті жердегі жағдайды өз көзімен көріп қайтты. 

Фото: Құлсары қаласының қазіргі көрінісі.

Мұнайлы өлкеге келгендегі басты себеп Құлсары қаласына барып, жағдайды өз көзімізбен көру еді. Өйткені ондағы тасқын тым қатты. Ресми дерекке сүйенсек қаланың 33 пайызы қызыл судың астында қалды. Алайда Атырау қаласындағы дайындықты елемеуге болмайды. 

Фото: Атырау қаласы.

Орынбордағы дамбы жарылып, "Жайықтың суы көтерілуі мүмкін" деген болжам билік пен бұқараның апатқа қарсы дайындалуына себеп болды. Қалада 120 бригада жұмыс істеп жатыр. Жайықтың қос қапталын қоршап, бөгеттер салынуда. 

Фото: Атырау қаласы.

Қаланы қарғын судан құтқарсам деген жандардың арасында балалар да бар. 12-13 жастағы жеткіншектер қолдарына күрек алып, батырлық танытты. 

Фото: Атырау қаласы. 

Фото: Атырау вокзалы.

Облыс орталығындағы жағдайды көзбен көргеннен кейін қаладан 220 шақырым жердегі Құлсары қаласына  гуманитарлық пойызбен аттандық. Себебі екі арадағы көлік қатынасы тоқтаған. Ал қалаға қатынап жатқан халықтың қарасы қалың. Адамдардан бөлек азық-түлік те от арбаға тиеліп тасылып жатыр.

Фото: Атырау вокзалы. 

Фото: Құлсары қаласы.

Құлсары қаласындағы жағдай тіптен қиын. Қаладан 31 мыңға жуық адам өзге өңірлерге қоныс аударған. 14 эвокуациялық пунктің төртеуі су астында қалыпты. Ал жергілікті жұрт Жем өзенінің арнасынан тасуына қолдан жасалған дамбыларды кінәлайды. 

Фото: Құлсары қаласы.

"3 сәуір күні басталды. Келген кезде халық бірігіп қаланы қорғады. Десек те  Алтыншы ауыл, қаланың стадион жақ беті суға кетіп қалды. Біздің халық қорықпайды. Қашқан жоқпыз. 1993 жылы осындай апатты көрдік. Мұғалжардан басталып Жем өзені теңізге құйылады. Алайда 30 жылда қожалық иелері суды бұрғысы келіп уақытша дамбылар салып тастады. Әкімшілік жақтан қателік көп болды. Қолдан жасалған дамбыларды біреудің жері деп жарған жоқ. Тасқын су сол дамбыдан өте алмай кейін айналып халыққа соқты", - дейді қала тұрғыны Жолболды Баязов. 

Фото: Құлсары қаласы.

Өзеннің аңғары толып, арнасынан асқанын аңғарған бұқара алдымен өздері қамданған. Іргесіне тықыр таянса, үйіне сыйып отыра алмайтын жұрт жергілікті жердегі кәсіпкерлерден техника сұрап, тірлік қылыпты. 

Фото: Құлсары қаласының тұрғыны Болат Төлеуішов. 

"Үйіміздің барлығын су басып кетті. Қазір халыққа өте қиын. Әлі су келіп жатыр. Жергілікті азаматтардың жігерлілігінің арқасында ауылдың біраз бөлігі аман қалды. Судың деңгейі бұдан да биік болар еді. Қиын сәтте техникасын беріп, халыққа көмектескен Бекболат Төлендиев деген жігітке үлкен рахмет. Оның көмегі көп тиді. 5 күннен бері арпалысты. Солардың арқасында үйімізді жартылай болса да көріп тұрмыз", - дейді қала тұрғыны Болат Төлеуішов. 

Фото: Құлсары қаласы.

Жергілікті жауаптылардың жасырмай айтқан жауабына сүйенсек қаланың 33 пайызы суға кеткен, 33 пайызы қауіпті аймақта тұр. 2860 нысан су астында қалған. Арнасынан адасып аққан су қаланы қоршап тұр.

Фото: Құлсары қаласы.

"Қазіргі таңда су деңгейінің төмендеуі байқалады. Кейбір жерлерде 20 сантиметрге дейін, кейбір жерлерде 40 сантиметрге дейін. Қаланың ішінде авариялық құтқару жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 3 Өрт сорғы станциясы автокөлігі суды айдау жұмыстарын істеп жатыр. Құлсары қаласының бойымен өтетін Құрсай өзенінің бойына, су басқан жерлерде бөгеттерді тұрғызу, қаптарға құм толтыру арқылы дамбыларды бітеу жұмыстары атқарылуда. Қазіргі таңда ҚР ТЖМ-нің Алматы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облысындағы және Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімнен қосымша күштер мен құралдар жұмылдырылуда. Күштік құрылымдардан жалпы саны 1 198 адам келді. Одан бөлек 231 техника бар", - деді Атырау облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жантөре Демешов. 

Фото: Құлсары қаласы.

Қарғын судың құрсауында қалған Құлсарының қалған бөлігін сақтап қалу үшін күштік құрылымдардың көмегі көп. Әскери борышын өтеп жүрген азаматтар да бұқараның баспанасын сақтауға болысты. Оларға жергілікті жұрт өз алғыстарын білдіріп жатыр. 

Фото: Құлсары қаласының тұрғыны Серік Исмағұлов. 

"Жем өзенінің сағасы Құрсай өзеніне келіп құяды. Кейбір жерлерде дамбылар жарылуға таяу тұр. Қазір өзеннің қос қапталын 4 сәуірден бері бітеп жатырмыз. Осы өзеннің жағасында тұрғаннан кейін үйлеріміз суға кетпесін деп қам қарекет жасап жатырмыз. Бұл іске әскерилердің үлкен көмегі тиді. Күн-түн демей азаматтар еңбек етіп жатыр. Жетінші ауылды сақтап қалуға, Құрсай өзенінің іргесін бекітуге көмектесіп жатқан күштік құрылымдарға алғысымыз шексіз", - дейді қала тұрғыны Серік Исмағұлов. 

Фото: Құлсары қаласы Құрсай өзенінің жағасы.

Фото:  Құлсары қаласы.

Қызыл судың астында қарашаның баспанасынан бөлек, қалаға жақын маңдағы бейіттер де қалды. Су кепсе жер бетіне қалдықтардың барлығы көтеріліп, салдарынан экологиялық апат туындауы мүмкін екені де айтылып жатыр.

Фото: Құлсары қаласы.

Әкімдік өкілдері ауданға Республикадан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары келгенін айтты. 

Фото: Құлсары қаласы. 

Қалаға қауіп сейілмегендіктен бөгеттерді биіктету жұмыстары жалғасып жатыр. Қосымша техникалар  "Теңізшевройл" компаниясынан, "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамынан әкелініпті. 

Фото: Құлсары қаласы.

"Біз алдын ала дайындық жұмыстарын жасадық. Бірақ су деңгейі мұншалықты көтеріледі деп ойламадық. Атқарған жұмысымыз нәтижелі болмағандықтан біз бұдан сабақ алуымыз керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы керек деп есептеймін. Өйткені көп азаматтар зардап шекті", - деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова. 

Фото: Құлсары қаласы

Апат айтып келмегенмен, қайтып келері ақиқат. Бастысы болған жағдайдан сабақ алып, болашақта алдын алу маңызды. Қазба байлықтың отаны саналатын облыстағы қазіргі ахуал осы. Десек те мұнайлы өлкенің тұрғындарын мұңайтатын мәселе көп.