Калифорний граммы $250 миллион тұрады

Калифорний граммы $250 миллион тұрады
Фото: youtube.com

Калифорний – Менделеев кестесінің жетінші периодындағы радиобелсенді химиялық элемент. Аталған элементті 1950 жылы Берклидегі (АҚШ) Калифорния университетінің Сиборг ғалымдар командасы жасанды жолмен табады. Ал калифорнийдің алғашқы қатты күйі 1958 жылы алынады. Ғалымдар радиобелсенді элементті университет құрметіне атауды жөн көрген.

Қазіргі таңда калифорний тек АҚШ пен Ресей ғана дайындалады. Ал оның небәрі бір граммы 250 миллион АҚШ доллары тұрады. Себебі аталған химиялық элементті ядролық реакция арқылы бөліп алу өте күрделі әрі қауіпті. Ғалымдар калифорнийді алу үшін ядролық реакторға бір жарым жыл бойы нейтронды сәуле түсіреді. Содан кейін алынған өнімнен химиялық жолмен калифорнийді бөліп шығарады. Плутоний мен кюрий элементтері де осындай жолмен алынады.

Калифорнийдің 252Cf изотопы қатерлі ісікті емдеу үшін жасалатын тиімді нейтронды анализ терапиясында қолданылады. Сонымен қатар, ғалымдар бұл изотопты ядролық бөлінулер тәжірибесін жасауда пайдаланады.

Ж. Өрісбай