Өлімге әкелген өнертабыстар

Өлімге әкелген өнертабыстар

Өнертапқыштың өмірі оңай емес екенін бірден айтайық. Жалпы есепте ойласақ, адамның жақсы өмір сүре түсуі үшін пайда болатын затты ойлап табуыңыз керек, ол және ешкімнің де көшірмесі болмауы керек. Оны бұдан кейін ой өреңізден өмірге әкелу керек болады. Әйтеуір, бүгінгі өмірге разылығымыз болса, солар дейік, солардың тынымсыз еңбегінің арқасында «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып» жүргеніміз бар.

Бірақ сол өнертабыстардың барлығы дерлік бақыт әкеле бермейтіні бар екен. Олардың сынып, істен шығып, жұмыс істемей қалуынан өзге – өз құрастырушыларын өлтіріп алуы да мүмкін. Тарихтағы мүмкін болған сондай әңгімелерді жинақтап, алдарыңызға ұсынып отырмыз.

Генри Смолински (Henry Smolinski) деген инженер-өнертапқыш болған. Ұшатын автомобильге әуес инженер жұмыс жасайтын компания 1973 жылы Cessna Skymaster ұшағы мен Пинто Ford көлігін қосу арқылы аэромобиль құрастырып шығарған еді. Ең соңғы сынақта Генри мен Гарольд Блейк апатқа ұшырап қаза тауыпты. Басты себеп, Смолинскидің қателігі болып отыр.

Франц Райхелт. Парашют жасаумен айналысқан тігінші екен. Ол шапан-парашют жасап, алғаш рет оны арнайы манекендермен сынаған болатын. Десе де, өзге адам баласы бұл сынаққа келіспепті. Сонда нағыз өнертапқыш ретінде ол өзінің тіккен парашютін киіп алып, Эйфель мұнарасынан секіреді. Нәтижесінде ол жерге соғылып өледі.

Хорас Лоусон Ханли. Хорас Лоусон Ханли (Horace Lawson Hunley) Американың Луизиана штатының өнертапқышы. Ол 1862-1865 жылдары Азаматтық соғыс кезінде су асты кемесін жасап шыққан. Бірінші нұсқасы 1862 жылы Одақ әскері Жаңа Орлеанды басып алған кезде істен шықса, екінші нұсқасы Алабама бұғазында жоққа айналған екен. Ал соңғы әрі үшінші нұсқасы 1863 жылы 15 қазанда жақсы шайқас жүргізе алған еді. Десе де, су асты кемесі өзінің жасаушысымен бірге 6 адамды бірге мерт қылды.

Мария Склодовская-Кюританымал физик, химик. Ол өзінің күйеуі Пьер Кюримен бірлесіп көптеген ғылыми жаңалықтар ашқан. Екі бірдей Нобель сыйлығының иегері. Ол өз зертханасында ешқандай да қауіпсіздік ережесін сақтамайды екен. Тіпті радий салынған ампуланы мойнына тұмар етіп тағып алатын көрінеді. Соның кесірінен ол қан аздықтан қаза тауыпты.

Фаларида бұқасы. Фаларид деген басқарушысының бұйрығымен Перилле мыстан жасалған жазалау құралын ұсынады. Жазаға кесілгенді мыс бұқаның ішіне салып, астынан от жағады. Бұқа танауынан түтінмен бірге адамның жан-тәсілім еткендегі даусы естіліп тұрады екен. Сол өнертабыстың ең бірінші «нысаны» Перилленің өзі болған екен.  

Валериан Абаковский – аэромотовагон жасаушы өнертапқыш. Авиациялық пропеллер арқылы жасалған пойыз-көлігі ең аз деген жанармай «жеп», ең үлкен жылдамдықты ала алады екен. «Мәскеу-Тула» бағытындағы сынақ жол сәтті өтеді. Ал қайтар сапарда Абаковский өзінің 5 жолдасымен бірге қаза табады. Ол бар-жоғы 26 жаста болған екен.

 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: toptenfamous.com

А. Құлтай