Аляска несімен әдемі?

Аляска несімен әдемі?
Фото: http://look3.ru/

Әлемнің ең суық мекені  Аляскаға барып демалу көп адамды аса қызықтыра қоймасы анық. Себебі ол жерде, күннің аптап ыстығында теңіз жағасында дәмді шырын ішіп отырғандай рахатқа бөлене алмайсыз. Бірақ, жүрек жұтқан жандар мен әлемнің әдемі тұстарын көруге құштар жандар мұнда бір рет болса да аяқ басып, қандай екенін көруге ынтызар. Маңайыңыздан аппақ қар мен мұздықтардан басқа ештеңе көрінбейтін, мәңгі қысқы мезгілге жататын мекеннен ең керемет, көруге тұрарлық дүниелерді жинастырдық.

Егер мүмкіндігіңіз болып аляскаға жолыңыз түсіп жатса, солтүстік шұғыланы бір рет болса да көруге әрекет жасаңыз. Себебі табиғаттың ең керемет шұғыласын басқа жерден көріп ләззат алмайсыз. Мұнда барған жандардың таңдай қақпай қайтпасы анық. "Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық" дегендей, қалың киініп көп адамға көруге бұйырмаған кереметке көз салыңыз.

Аязды алясканы мекендеп, суығына бейімделіп, қорегін тауып жүрген жандарды да жолықтыруға болады. Итке жегілген шанаға мініп, олардың тыныс тіршілігімен танысудың өзі бір ғанибет. Сондықтан ештеңеден қаймықпай аралағаныңыз дұрыс. Олардың салт-дәстүрі, киген киімдері, қалай өмір сүріп жатқаны сізге де қызықты болары сөзсіз. 

Алясканың тағы бір таңғалдыратын кереметі Ice bar, яғни мұздан жасалған бар. Сізге бұл жерден жайлы диван немесе жылы орындық күтудің еш қажеті жоқ. Мұнда барлығы мұздан жасалған. Таңдау да аз. Бейімделген жұрттың ұсынған дәмін татып көруден басқа амалыңыз жоқ. Бұл бардың тағы бір таңғажайып сыйы  ыстық бұлақ. Тамаша ләззат сыйлап, аязды өңірдің естен кетпес естелігі болып қалмақ.

Егер сіз жолдама арқылы барсаңыз, онда сізге арнайы мамандар барлық кереметін көрсетуге қызмет қылады. Ал, өзіңіз шытырман оқиғаны ұнатып жеке кезуге әзір болсаңыз, абай болғаныңыз абзал. Сіздің кішкене қателігіңізді үлкен мұздықтар мен қақаған аяз кешірмеуі мүмкін. Сапар алдында мұқият дайындалып, қалың киімдеріңізді алуды ұмытпаңыз.  

B. ZHAQSYMBET