Саяхат бізге не үйретеді?

Саяхат бізге не үйретеді?

Өзіңізге ең қажетті деген аздаған затты алып жалғыз саяхаттау мен арнайы тур арқылы топпен автобусқа мініп саяхаттаудың екі бөлек дүние екенін білесіз бе?  

Экскурсиялық және демалу үшін саяхаттау теледидардың алдында жатып, визуалды әсер алумен ғана тең. Ал жеке, жалғыз шығып ел-жерді аралау мүлдем басқа саяхат. Онда кереметтей әсер алумен қатар, сіз өзіңізге жаңалық ашасыз, мүлдем өзгеше тәжірибе ала аласыз. Бұл белгілі бір жағдайларда ғана келетін өмірлік сабақтар.  Сонымен, егер саяхатқа шығуға жүрексініп жүрсеңіз немесе таяу арада саяхатқа шығатын болсаңыз одан қандай сабақ аласыз? Massaget.kz-тегі «Әлемтану» айдары «Саяхат бізге не үйретеді?» атты мақала ұсынады.

1. Саяхаттаудың ең қиын кезеңі – үйден шығу

Шынымен де, үйде отырғаныңызда түзде өміріңізге қауіп келтіретін түрлі жағдайлар күтіп тұрғандай сезінуіңіз мүмкін. Қайда тамақтанып, қайда ұйықтайтыныңызды білмей дал боласыз. Сізді тіл білмеу немесе қаржылық жағдай тоқтатуы да ғажап емес. Ал ақиқатына келсек, бұл ойлардың барлығы да жарты бөлігі уайымға, екінші жарты бөлігі жалқаулыққа, жаңа дүниені тануға деген қызығушылығыңыздың жоқтығына құралған догмалар ғана. Сондықтан да ойыңызды жинақтап, саяхатқа аттанып кету керек.

2. Адамдар әрқашан да жылы шырайлы келеді

Дамыған мемлекеттерге саяхаттайтын болсаңыз ондағы адамдар сізге барынша құрметпен қарайтынына таңғалмаңыз. Тек кейбір елдердің мәдениеті төмендеу аймақтарында ғана қауіп төнуі мүмкін. Бірақ қай елді алсаңыз да, ондағы адамдар өзге елден келген саяхаттаушыларға аса зор құрметпен қарайды, әрқашан көмек беруге дайын тұрады. Олар сізге жол көрсетеді, құдайы қонақ етеді, өз елінің ең жақсы деген жерлерімен таныстырады, сіздің саяхатыңызға қызығып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құруға дайын болады. Ал егер олардың мәдениеті мен діліне, еліне құрметпен қарайтыныңызды көрсетсеңіз «бас құданың» рөлі сіздікі!

3. Саяхат сіздің анаңыз ойлағандай қауіпті емес

Өзге елдің, қаланың адамдары да өзіңіздің туып өскен жеріңіздің адамдары іспеттес, сондықтан да сіздің Отаныңыздағы жақсылық пен жамандық атаулары сапарлап барған жеріңізде де бар екенін ұмытпаңыз. Тіпті кейбір елдерде қылмыс саны бойынша адам шошытарлық статистика болуы мүмкін. Бірақ мұның барлығы да біржақты пікірден жиналған ақпарат. Сондықтан да қайбір ел туралы, ондағы адамдар туралы жаман ойлауға кеңес бермейміз. Тіпті кейбір ақпараттар қаңқу сөзден құрылған болуы да мүмкін. Дәл осылай саяхаттауға бекіген нысаныңыздың табиғатына да қатысты ойлай беруге болады. Сол үшін қарапайым заңдылықтарды біліп, зерек болуыңыз жеткілікті. Салыстырып қарасақ, Африка саванналарында аңдардың шабуылына ұшарау қаупі үлкен қалада көлік апатына түсуге қарағанда төмен екен. Сондықтан саяхаттау кезіндегі түрлі қауіп-қатерлер мөлшері сіздің Отаныңыздағы жағдайлармен бірдей, немесе тіпті аз болуы ықтимал.    

4. Саяхаттауға өте көп қаржы кетпейді

Әрине, тропикалық аралдарды яхта круизімен аралаймын десеңіз қалтаңыздың қалың болғаны жөн. Ал басқа жағдайларда сіздің барлық шығыныңыз ең басты делінетін үш нәрсеге жұмсалады: тамақ, жатын орын және жол. Осы үш түрлі шығынның қай бөлігінде үнемдеумен айналысатыныңызды өзіңіз шешесіз. Мәселен, жаяу жүргіншілер арқа сөмкесін асынып дала кезеді. Ал біреулер қарапайым автобустармен-ақ жол жүреді, жалға арнайы автокөлік алады. Бастысы – қалтаңыз көтеретін жағдайға дайын болыңыз.

5. Әрбір артық келі сіздің саяхатыңызды бұзады

Жолға рюкзак немесе шабадан алып шығатын болсаңыз көптеген заттардың ішінде қайсысын таңдарыңызды білмей, әдетіңізге салып сыйғанынша бәрін де ала бересіз. Ал осы тығыздалған әрі ауыр сөмкені сіз жол бойы көтеретін боласыз. Артық салмақ сізді тез шаршатып, саяхат кезіндегі түрлі қызықтардан бас тартуға мәжбүрлейді. Осыдан-ақ ең керекті кеңес өз бетімен шыға келеді.

6. Өмір сүруге аздаған зат жеткілікті

Сөмкеңізді керек-жарақпен толтырып жатқан кезде оларды ойша сорттауға мүмкіндік туады. Сонда күн көріске аздаған ғана зат жететініне көз жеткізесіз. Ыңғайлы деген екі аяқ киім, бір киер киім, күн сәулесі мен жаңбырдан қорғануға арналған заттар, тазалық сақтауға арналған заттар, құжаттар, ақша – әрине, бұл тізімге сіздің фотоаппаратыңыз немесе басқа да қажетті затыңыз кірмей қалуы мүмкін. Десе де, барынша аз зат алуға тырысыңыз.

7. Саяхаттауды демалыспен шатастырмайық

Расында да, біздің «демалыс» деп атайтын уақытымызда үйде, жылы төсекте жатуды айтамыз. Түркияға немесе сондай туристік инфроқұрылымы дамыған елдерге барып келу де демалыс бола алады. Ал саяхат – демалыс емес. Сіз онда ауыр жүкпен тауға да шығасыз, ұзақ жол да жүресіз, тропикалық ормандарда терлеп-тепшіп, тундраларда тоңасыз – бұл демалыс па? Сонымен қатар, кейбір саяхаттар өте қиын болуы да мүмкін. Мұндай саяхат адамды қажытып, шаршатып, жүйкесін жұқартады. Саяхаттың қиындығы туралы әңгіме басқа, десе де саяхаттаудың демалыс емес екенін ұғу керек.

8. Туристер мен саяхаттаушылар бірдей емес

Саяхаттаушылар жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас құрып, олармен бірге тұрмыс кешеді, ал туристер оларға сырт көзбен ғана қарап өтеді. Басқаша айтсақ, жергілікті адамдар саяхаттаушылармен бір нанды үзіп жейтін болса, ал туристердің ақшасын қағып алады. Тағы бір ерекшелігі, саяхаттаушылар тарихи жерлер туралы, халықтың эмоциясы туралы, салты мен ділі жайлы ақпаратқа қанықса, туристер оларды тек мұражайлардан, арнайы көрмелерден, елдің тек марапаттарын тізбелейтін гидтердің аузынан естіп-көреді. Сондықтан да саяхаттаушы мен туристі ажыратқанымыз дұрыс және сіз өзіңіздің қандай жолды таңдайтыныңызды шешіп алғаныңыз абзал.

9. Жалғыз саяхаттауға жүрексінбеңіз

Үлкен саяхатқа шығатын болсаңыз жолсерік болатын адам табу қиын. Ал егер тауып алған болсаңыз онымен бірге қай жерлермен, қашан, қалай жүретініңізді ақылдасуыңызға тура келеді. Нәтижесінде сіздің ойыңыздағы өлкелерге емес, жолсерігіңіз армандаған аймақтарға кетіп қаласыз. Ұжыммен саяхаттауға шықсаңыз да солай, адам саны көп болған сайын проблема да көбейе түседі. Сондықтан да саяхаттаушылар көбінде жалғыз жүргенді қалайды.

Мұның еш жамандығы жоқ. Қауіп де сіз ойлағандай емес. Сіз саяхат барысында жалғыз болмайсыз, барған елді мекендеріңіздегі адамдармен араласып, тіпті жаңа таныстықтарға жол ашасыз. Және жалғыз жүру сізге қайталанбас рухани тәжірибе береді. Саяхат барысында сіз өзіңізді тануыңыз да мүмкін, мәселелерді жеке шешіп, өзіңізге деген сенімділікті арттыруға мүмкіндік туады.

10. Сәтсіздіктер мен сәттіліктерге дайын болғаныңыз жөн

Саяхатқа шықпас бұрын баратын өлкеңіз жайлы талай ақпарат жинайсыз, талай жарнама роликтерін көресіз, елдің салт-дәстүрімен, заңдылықтарымен танысасыз. Суреттер мен видеолардағы кереметтей әрі көрікті жерлерге барғанда сіз шын өмірдегі сипатын өзгеше қабылдауыңыз мүмкін. Суреттен көрген сарқырама бірнеше есе кішкентай, ерте ғасырлардағы балбал тастар қарапайым тастардың үйіндісі немесе тропикалық аралдағы теңіз жағалауы желді, өмір сүруге қолайсыз болып шықса таңғалмаңыз. Сол үшін де алдын ала мұндай жәйттарға қанық болыңыз, түрлі форумдарға кіріп, ақпарат жинаңыз. Ал кейде қарапайым ғана сәттер сізге нирвана сыйлауы әбден мүмкін. Егін алқабындағы күннің батуы, жергілікті асханадағы бір шыныаяқ кофе немесе басқа да кішкентай ғана қуаныштар сізге үлкен әсер бере алады. Сондықтан да керемет әсерді туристерге арналған орындардан өзге жерлерден де іздеп көріңіз.

11. Біздің жер шарымыз соншалықты үлкен емес екен

Үйде отырып, теледидардан өзге елдерді көргенде олардың өте шалғайда екенін сезінетініміз шындық. Тіпті басқа әлем сияқты көрінеді. Ал сол елдерге ұшақпен барып келген соң қаншалықты жақын екенімізді және неліктен демалыстарда көбірек жер аралай бермейтініміз жайлы ойлап қаламыз. Жер шарының кішкентай екенін өзге елдерде танысыңызды кездестіріп қалған сәттерде де сезінетін боласыз.

12. Ең керемет сәт – оралу

Жолға шығар алдында немесе саяхаттау барысында қаншалықты қызық болса да, оның соңғы кезеңі – үйге оралуыңыз керектігін түсінесіз. Бұл шынында да сіздің саяхатыңыздың кульминациялық сәті! Сіз өз Отаныңызды, туған жеріңізді, үйіңізді көресіз. Әлемге өзгеше қарап, таныстармен өзгеше қарым-қатынас құра бастайсыз. Себебі сіз өзгердіңіз, сабақ алдыңыз, тәжірибе жинадыңыз.

Ең басты назарда ұстайтын жәйт – саяхаттаудан сіз өмірлік сабақ аласыз, көзқарас қалыптастырасыз, жаңа әлем көресіз. Өміріңізде өзгеріс болады.

Ал сіз әлемге саяхаттап көрдіңіз бе?

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Sergey Mironov/Shutterstock, lzf/Shutterstock, tourists-journal.ru

А. Құлтай