Қара теңіз қалаларына саяхат

Қара теңіз қалаларына саяхат

Күн жылына салысымен шет елдерге саяхат жасаушылардың саны күрт арта түседі. Біреулер еңбек демалысына шығып, ой-санасын тынықтыруды көздесе, енді біреулер өзге елдің тыныс-тіршілігімен танысып, таным-түсінігін кеңейтуді мақсат тұтады. Жаһандану заманында әлемнің қай түкпіріне барғыңыз келсе де, мүмкіндік көп. Әрине, әмияныңыз көтерсе болғаны. 

Бүгінде теңізге түсіп, күнге қыздырынғысы келетін қазақстандықтардың көбісі Түркия жағажайларына жиі барады. Ол жақта демалу қалтаға да көп ауырлық түсірмесе керек. Осы орайда, бүгінгі Түркия қазақстандық саяхатшыларды қандай ерекшелігімен баурап алғанына көз жеткізу мақсатында Түркияның Қара теңіз аймағындағы Трабзон, Орду, Ризе қалаларына 3 күндік сапарға аттанған едік.

Түркияның негізі кіріс көздерінің бірі туриада екені белгілі. Сол себепті, әр кезде елдің тарихи, мәдени һәм көрікті шаһарларына арнайы турлар ұйымдастырылып тұрады. Бағасы да қымбат емес. Үш күндік сапарымыз үшін 180 лира (15 000 теңге шамасында) төледік. Бұның ішіне қонақ үй, екі мезгілдік тегін ас та кіреді. Әрине қосымша ақша өзіңіз үшін қажет болады.

Біздің алғашқы нүктеміз Қара теңіз жағалауында орналасқан Орду қаласы болды. Орду қаласы VIII ғасырда Котиора атауымен, Қара теңіздің жанында Милет колониясы ретінде құрылған. 1800 жылға дейін понти гректері мекен еткен кіші қала болады. Осман империясының көшпелі түрік тайпаларын қоныстандыру саясатына сәйкес қалаға түріктер қоныстандырылып, қала халқы күрт өсе түседі. 1877 жылы орыс-түрік соғысынан кейін қалаға Кавказдан және Грузиядан ауған босқын түріктер қоныстана бастайды. Қазіргі кезде қала тұрғындарын Кавказдан қоныс аударған этникалық түріктер, мұсылман армяндары (хемшил), мұсылман грузиндері (чвенебури), сонымен қатар этникалық гректердің ұрпақтары құрайды.

Ордуға біз келген кезде таң енді атып жатқан еді. Әдемі көрініс фотоаппаратымыздың назарынан тыс қалмады. Биіктен қарағанда Қара теңіз де, Орду да әдемі көз тартады.

Одан кейін Трабзон қаласындағы Әулие София ғибадатханасына (Айясофия) келдік. Ғибадатхананы 1238-1263 жылдар аралығында ежелгі гректер тұрғызған екен. 1461 жылы түрік сұлтаны Мехмед II Трапезунд империясын жаулап алғаннан кейін ғибадатхана мешітке айналған.

Ғибадатхана көпшілікке қабырғаларына салынған суреттерімен белгілі. 

Келесі меже Трабзон қаласынан 99 шақырым жерде орын тепкен Ұзынкөл туристік орталығы болды. Бұл жер Түркияның орманды, жаңбырлы Соғанлы (Soğanlı) және Качкар (Kaçkar) тауларының түйіскен жерінде орналасқан. Бұл аймақ жылдың барлық маусымында да жасыл түсте болады. Сондықтан да Ұзынкөл "Табиғат саябағы" деген атқа ие. Бір қарағанда біздің Алматы облысындағы Көлсайға ұқсайды.

Ризе қаласы. Бұл қала Түркияны шәймен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір аймақ. Төмендегі суреттерден шәйдің қалай өсетінін көруге болады.

Айдер жайлауы. Бір қызығы бұл жер ешқашан жайлау ретінде пайдаланылмаған екен. Османлы заманынан бері шипажай ретінде белгілі. 260 метр тереңдіктен 55 градустық ыстық су шығады. Сондықтан көп адамдар бұл жерге ем іздеп келеді. 

Айдер жайлауы Ризе қаласынан 20 шақырым жерде, 1300 метр биіктікте орналасқан. 

Демалуға келген түріктер би билеп көңіл көтеруде. 

Сумела монастыры. Бұл монастыр IV ғасырдың аяғы - V ғасырдың басында салынған. Бұл жерде Исус Христостың шешесі Марияның суреті сақталған. Монастырды Византия дәуіріндегі императорлар ерекше ықыласпен қорғаған. Трапезунд империясы тұсында Кіші Азия аумағындағы беделді, бай орындардың бірі болған. Православиялық моностыр Селим сұлтанның шабуылынан кейін Османлы империясының қолына өткен.  

Қара теңіз. Трабзон қаласы. 

Арнайы Massaget.kz үшін Түркиядан Шерхан Талапұлы

Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы

Н. Айдархан