Көз саулығының 5 жасырын жауы

Көз саулығының 5 жасырын жауы
Фото: pixabay.com

Көзге монитордың алдында ұзақ отырудың және компьютердің алдында үзіліссіз жұмыс істеудің зиян екенін жиі естиміз. Бірақ одан басқа көз саулығына қауіп төндіретін және көпшілік біле бермейтін заттар бар.

Бөлмедегі құрғақ ауа
Бұл мәселе, әсіресе, жылыту кезеңінде білінеді: өкінішке орай, жылытқыштар ауаны қатты құрғатады. Осыдан көз құрғақтығы, кейде мұрын қанау пайда болады. Оның үстіне төмен ылғалдылық кезінде шаң да көп болса, аллергия басталуы мүмкін. Сондықтан жылыту кезеңінде үйді жиі ылғал тазалау керек. Ең дұрыс шешім – үйге ылғалдандырғыш немесе балықтары бар аквариум сатып алу.

Көзге арналған тамшыларды дәрігердің тағайындауынсыз қолдану
Көз – адамның ең нәзік мүшесі, сондықтан өздігінше емделу мәселені ұлғайтып жіберуі немесе жаңа мәселе қосып беруі мүмкін. Көзге арналған тамшылар "жасанды жас" болса да, оны дәрігердің кеңесімен қолдануға кеңес береміз. Ал көз ауруларын (вирусты және бактериялық жұқпалар, аллергия, конъюнктивит және т.б ) емдер алдында міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.

Дұрыс таңдалмаған көзілдірік
Көпшілік жіберетін қателік – көзілдірікке ақша үнемдеу. Кей адамдар оптика салонынан жеке линза дайындатудың орнына арзанырақ тұратын оның дайын типтік түрін алады. Алайда әмбебап көзілдіріктер болмайды. Әрине, оның рефракциясы сай келетін түрін таңдау қиындық тудырмайды. Бірақ центраралық қашықтық (яғни, екі қарашық центрінің арасындағы қашықтық) әркімде әртүрлі, сондықтан оны тек офтальмолог пен оптика салонындағы маман ғана анықтай алады. Ол жерде көзілдірік әр адамға жеке параметрлері бойынша жасалады. Дұрыс таңдалмаған көзілдірік астигматизмнің пайда болуына әкелуі мүмкін. Оның үстіне мұндай көзілдірік көзге ыңғайсыз болады.

Сапасыз косметика
Көзге арналған сапасыз қарындаш немесе тушь бактериялық конъюнктивит және аллергиялық реакция туғызуы мүмкін. Ал көз астының қараюын жасыратын нашар корректор әжімнің ерте пайда болуына ықпал етеді.

Макияжбен ұйықтау
Тушьқа, сүрмеге (подводка) және кірпікке күні бойы шаң мен ластық бөлшектері жиналады. Олар ұйықтағанда көзге түсуі мүмкін. Ал ол өз кезегінде жұқпа, көздің ісуі, шырышты қабықтың тітіркенуі, қызару, қышыма және т.б жағымсыздыққа әкелуі мүмкін. Оған қоса, көзде қалып қойған макияж кірпікті сынғыш етеді және әжімнің пайда болуына ықпал етеді. Сондықтан ұйықтар алдында ерінбей макияжды дұрыстап тазартқан жөн.

А. Жапатова