Маска – ауырған адамға емес, сау адамға арналған

Маска – ауырған адамға емес, сау адамға арналған
Фото: kak.my1.ru

Күз мезгілінде ауа райы тым құбылмалы болатындықтан, басқа мезгілдерге қарағанда, осы кезде адамдар жиі тұмауратады. Тұмау ауруы белең ала бастағанда көшеде медициналық маска тағып жүргендер де көптеп кездеседі.

Кейбіреулер тұмауын өзгелерге жұқтырып алмайын деп сақтанғаннан маска кисе, екінші біреулер маска таққанның барлығы ауру деп, қорқып, алшақ жүруге тырысады. Аталған адамдар тобының екеуінің де ойы қате. Тұмау жұқтырған не суық тиіп ауырған адам маска тағып, таза ауа жұтпаса, өз вирусы өзінде сақталып, ауруынан айығуы ұзаққа созылады.

Матадан не қазаздан жасалған бір рет қолданылатын медициналық маска кез келген дәріханадан табылады. Бағасы да аса қымбат емес. Алайда ол тұмаумен ауырып үлгергендерге емес, вирус жұқтырып алмау үшін сау адамдарға арналып шығарылған.

Медициналық маска вируспен қатар түшкіргенде, сөйлегенде тарайтын инфекциялардан да қорғай алады. Оны тек адамдар тым көп, ашық алаң жоқ жерде, автобус, метро секілді орындарда тағуға болады. Ал көшеде, ашық аспан астында жүргенде таза ауамен тыныстаған абзал.

Бір масканы екі сағаттан артық тұтынуға болмайды. Асып кеткен жағдайда пайдасынан зияны көп болады. Одан кейін тағы бір ескертетін жайт, масканы міндетті түрде жақсылап жуылған таза қолмен ұстаңыз. Лас қолмен ұстап қойған жағдайда, қоқысқа тастай салған дұрыс. Бір рет қолданылған масканы екінші рет пайдалнуға да болмайды.

Маска бетке мықты етіп қондырылуы керек. Ауызбен бірге мұрын да толық жабылады. Сонда ғана зиянды вирустардан толық қорғай алады. Онымен демалу аздап қиындайды, бірақ кейін ауырып қалғанға қарағанда, сәл шыдаған жеңіл.

@. @assel_assanova