Астанада медициналық бетперде кигендер дүкенді тонап кетті

Астанада медициналық бетперде кигендер дүкенді тонап кетті
Фото: tn.kz

Астанада медициналық бетперде киген белгісіз біреулер дүкенді тонап кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"21 қыркүйекте белгісіз біреулер медициналық бетперде киіп, дүкенге кірді. Сатушыны қорқыту арқылы олар дүкендегі сейфті әкетіп, оқиға болған жерден қашып кетті. Сауда орнының иесінің айтуынша, ұрланған сейфте 3 миллионға жуық ақша мен құжаттар болған", - деп жазылған баспасөз хабарламасында.

ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға болғаннан кейінгі бір тәулік ішінде полицейлер күдіктілерді анықтаған. Олар Солтүстік Қазақстан облысының 35 және 28 жастағы екі тұрғыны болып шықты. Ұсталғандардың бірі бұған дейін "қарақшылық әрекеті үшін" қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты.

Елордалық полицейлердің айтуынша, ұрылар ақшаның бір бөлігін жұмсап үлгерген. Ұсталғандар қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

М. Бисембаева