Вуди Алленнің жаңа картинасы: "Нью-Йорктегі жаңбырлы күн"

Вуди Алленнің жаңа картинасы: "Нью-Йорктегі жаңбырлы күн"
Фото: vk.com

Кинематография мэтрі, хас шебер Вуди Алленнің әлдеқашан дайын болған жаңа картинасы енді ғана жарыққа шықты.

Сюжет бойынша Эль Фэннинг пен Тимоти Шаламенің кейіпкерлері демалыстарында Манхэттенге барып, романтикалық кездесу жасаймыз деп келіседі. Бірақ қызға жұмыс бабымен интервью алу керек болып қалады. Атақты режиссермен болатын кездесуді кейінге қалдыра алмасы анық. Бұл екеуінің жоспарымен қоса, өмірлерін де өзгертетінге ұқсайды...  

Фильмге аталған жұлдыздардар бөлек, Джуд Лоу, Селена Гомес, Лив Шрайбер, Диего Луна, Ребекка Холл сынды актерлер түскен.

Бұл орайда Эль Фаннингтің жолы болып тұр. Себебі, картина "Оскар" марапатына ұсынылып жатса, жүлдені алмағанның өзінде, жас актрисаның беделінің айтарлықтай артуына септігі тиеді. Сарапшылардың айтуынша, Вуди Алленнің фильміне түскен актрисалардың басқалармен салыстырғанда Оскар жүлдесін алуға мүмкіндігі зор. Бұған дейін онымен жұмыс істеген актрисалар Кейт Бланшет пен Дайан Китон ең даңқты жүлдеге ие болған еді.

А. Оралқызы