ҰБТ-ны Массагет тілшілерінің барлығы тапсырды. Сынақ болған күн артта қалса да, күні кеше аудиторияда дұрыс жауап таңдап, қолымыздан келгенше сыныптастардан көмегімізді аямаған немесе өзгеден көмек сұраған сәтіміз әлі есімізде.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға небары бірнеше ай қалды. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталады. Бұл – ҰБТ-ға дайындалу үдерісі тоқтайды деген сөз. Уақыттың аз қалғанын ойлаған сайын жүрегіңіз алып-ұшып, арасында күйзеліп те жүрген боларсыз. Сол себепті біздің айтарымыз сізге көмек болар деген ниетпен басымыздан өткен оқиғаларымызды баяндамақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Жолдас Өрісбаев.
Аузы күйген үрлеп ішеді демекші, алғашқы жылы ҰБТ нәтижесі ойдағыдай болмағандықтан, келер жылға барымды салып дайындалдым. ҰБТ-ға 10 сыныптан бастап дайындық жүргіздім. Мен үшін тестіні ойдағыдай тапсыру өте маңызды болды. Ақылы бөлімге түсіп, ата-анамды әбігерге салып қойғым келмеді. Сол себепті, барынша грантқа түсуге тырыстым. Дайындықты 10 сыныптан бастағандықтан, 11 сыныпта алғашқы сынама тестілеуде 102 балл жинадым. Ағылшын пәнінен дайындайтын мұғалім болған жоқ. 10 сыныпқа дейін дарынды балаларға арналған мектепте оқыдым. Қалған екі сыныпты ауылдың қарапайым мектебінде тәмамдадым. Алғашында өз бетіммен дайындалып, артынша математика пәнінен қосымша дайындық курстарына қатыстым. Әуезов университетіне 2-3 аптада бір рет барып тест тапсырып тұратынмын. Ал курстарда тек біле алмай жүрген тақырыптарымды меңгердім. Әр секундымды бағалап, уақыт үнемдеу үшін барымды салдым.
Дайындық ойдағыдай жүзеге асып жатты. Қаңтар айында сынама тестілерде 110 баллдан асыра бастадым. Бірақ, ол сынақтарда көбінесе ескі сұрақтар берілетін еді. Ал біз тапсырған жылы ҰБТ сұрақтарына өзгеріс енгізілді. Дайындық барысында 115-120 балл алып жүретін едім, шынайы тестілеуге барғанда 108 балл ғана жинадым. Орыс тілінің балын алған кезде 87 балл болды.
Алғашқы ҰБТ тапсырған уақыт мектеп жасындағы қиын процесстердің бірі болды десем, жалған айтпаймын. Себебі, арманымнан көз жазып қалғандай болдым. Ата-анаммен біраз түсініспеушіліктер болды. Бұдан өзге Алматыдан басқа қалада білім алғым келмеді. Себебі, осы қалада өзімді дамытуға мүмкіндіктің көп екенін жақсы білетінмін.
ҰБТ тапсыратын күні аудиторияға кіргенімде біздің мектептің түлектері өте көп болды. Себебі, 10 сынып қатарынан бір күнде тапсырған едік. Бір аудиторияда өзіміздің мектептен 13 оқушы отырдық. Өзімнен көмек сұрағандарға мүмкіндігімше көмектестім. Тіпті, тест кітапшаларымызды алмастырып, өзара бір-біріміздікін тексеріп отырдық. Алайда уақыттан ұтылып, соңына келгенде білмеген сұрақтарымызды шамалап белгілеуге тура келді.
Менің арманым ару қала Алматыға келіп білім нәрімен сусындау болатын. Ата-анам өз кезегінде Шымкентте қалып оқи беруіме кеңес берді. Мен олардың сөзін тыңдамай Алматы, Астана қалаларының ЖОО-сына тапсырдым. Ең бірінші ҚазҰУ-ды жаздым. Ұлттық педагогикалық университетке 1 балл, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 2 балл жетпей қалды. Алғашқы жылы осылайша грантқа түсе алмадым.
Психологиялық тұрғыдан өте тұрақты, салмақты адам болғандықтан, айтарлықтай қиындықтар болмады. Алдыма қойған мақсатым айқын, оның үстіне тестілеуге 2 жыл қатарынан дайындалдым. Сол себепті, барлығы ойдағыдай өтті.
Бір жылдық дайындығыма сенім артып барынша жоғары нәтиже көрсетуге тырыстым. Нақты күн тәртібін ойластырып, күніне 5 сағат ҰБТ-ға дайындалатын болдым. Кешенді тестілеуге келген кезде 4 пәнді толық меңгердім. Осылайша 97 балл жинадым.
Өмірімізде болатын әр оқиға бізге сабақ болары анық. Сол секілді ҰБТ-ға дайындық барысында нәтиженің адам еңбегімен тікелей байланысты болатындығын түсіндім. Яғни адам қаншалықты жақсы дайындалса, соншалықты жоғары нәтиже көрсетеді.
Мен екі жыл қатарынан тестілеуге дайындалдым. Алғашқы жылы түсе алмадым. Нәтижесінде 97 балл жинасам да, көңілімде күдік болды. Оқуға құжат тапсырарда нар тәуекелге барудан бас тартып, бір ғана мамандықты жаздым. Бірінші жазған оқу орныма түсіп, ҚазҰУ-дің студенті атандым. Алдыма қойған мақсатыма осылайша еңбегімнің арқасында жеттім.
ЖОО-да өзімнен де білімді тұлғалармен танысып, олардың қатарына ілігу үшін барымды салдым. Шетел асып, тіл білу деңгейімді жоғарылаттым. Енді шетелде магистратура оқып, елге сапалы маман болып оралғым келеді.
Осы жылы тапсыратын оқушыларға тек қана еңбектену керектігін айтамын. Күні-түні қайталанған білім жадыңызда мәңгілік сақталады. Тек ерінбеу керек. Алдыдағы 3-4 айда айқын мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін барыңызды салыңыз!
Оқи отырыңыз:
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #2
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #3
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #4
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #5
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?#6
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #7
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #8
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #9
Сурет: Massaget.kz