- Негізгі бет
- Білесіз бе?
- Джобс университетінде кімдер...
Джобс университетінде кімдер білім алады?
Компания қызметкерлерін оқытатын корпоративті бағдарламалар бүгінде маңызға ие. Көбіне IT-компаниялар өз мамандарының біліктілігін арттыруға аса мән беруде. Apple компаниясының корпоративті университеті де осы мақсатта құрылған.
Apple университеті – БАҚ өкілдерінің жазбасына көп түспеген құпия біліктілікті арттыру орталықтарының бірі. Бұл туралы алғаш рет Уолтер Айзексон жазған Стив Джобс биографиясында айтылады. Бүгінге дейін тіпті университеттің бірде-бір фотосы жарияланбаған. Ал корпорация қызметкерлері бұл тақырыпта сөйлеуден бас тартады.
Apple университеті Стив Джобс басшылығымен 2008 жылы АҚШ-тың Купертино қаласында (Калифорния штаты) ашылған. Аталған ЖОО қызметкерлерге компанияның бизнес-мәдениеті мен стратегиясы туралы білім беру мақсатында ашылады. Жалпы тұрғыдан айтқанда, Apple корпорациясының технологиялық даму үдерісінде үнемі өзгерістермен ғаламды таңдандыру мақсатында құрылған. Университетті құру Джобстың идеясы болған. Ал оны Йель университетінің Менеджмент жоғарғы мектебінің деканы болған Джоэл Подольни есімді профессор жүзеге асырады. 2011 жылы Стив Джобс өмірден озғаннан кейін оның есімі университетке беріледі.
Apple университетінде білім алу міндетті емес. Лекцияларға қатысу әрбір қызметкерге ұсыныс ретінде беріледі. Ал арнайы құрылған бағдарламалар компания имиджін оқытуға бағытталған.
Корпоративті университеттің өзге ЖОО-дарынан айырмашылығы мұнда оқу үдерісі жыл бойы жүргізіледі. Джобс Университетінде Йель, Гарвард, CalTech (Калифорния Технологиялық университеті), Беркли, Стэнфорд университеттері мен Массачусетс Технологиялық Институтының ғалымдары лекция оқиды. Университетті 2008 жылдан бері профессор Джоэл Подольни басқарып келеді.
Кейбір дәрістер компания үшін маңызды болған келісімдердің барысы туралы құпия мәліметтерді қамтиды. Мысалы, iPod плеерін құрастыру туралы компания директорлар кеңесінің пікірталасы немесе iTunes бағдарламасының Windows платформасымен біріге жасалу мүмкіндігіне қатысты Apple-дің ішкі саясаты оқытылады.
Ж. Өрісбай