Төреғали Төреәлінің адвокаты: "Біз апелляцияға береміз, қоғамдық жұмысқа тартуға келіспейміз"

Төреғали Төреәлінің адвокаты: "Біз апелляцияға береміз, қоғамдық жұмысқа тартуға келіспейміз"
Фото: Фотоколлаж

Әнші Төреғали Төреәлі Алматы көшелерінің бірінде ұсталған еді. Massaget.kz тілшісі өнер иесінің адвокаты Эльнура Кишкенебаевамен сұхбаттасып, бірқатар сұраққа жауап алды. 

Әншінің қорғаушысы ол көлік тізгіндеген кезде ешқандай есірткі қолданбағанын, тіпті сараптама қорытындысында да есірткі жоғы анықталғанын айтты.

"Есірткі қолданған жоқ. Ол әңгіме полиция тарапынан сүйене отырып айтылған. Бірақ сарапшының берген қорытындысымен біз келіспей өзіміз тағы жеке сараптама тағайындадық. Ол қорытынды бойынша ешқандай есірткі жоқ екенін біз анықтадық. Жаңадан ашылған мән-жәйлар бойынша сотқа талап арыз береміз. Бұл жөнінде алдағы уақытта қарастырамыз", - дейді қорғаушы.

Адвокат Эльнура Кишкенебаева 40 сағаттық жұмысқа тарту жазасымен келіспейтіндерін айтты. 

"Тағылып отырған айып билік өкілін қорлау. Дегенмен менің қорғауымдағы азаматтың іс-әрекеті билік өкілін қорлау болып табылмайды. Билік өкілдеріне қарсы ешқандай қорлау іс-әрекеттерін байқаған жоқпыз, көрген жоқпыз. Тіпті менің қорғауымдағы азаматты полиция қызметкерлері тоқтатқан кезде ол көлігінен түсіп Ассалаумағалейкүм деп амандасқан. Егер қорлау, балағат болса ол солай құзырлы орган өкілдіріне сыйластық танытар ма еді? Бейнежазбаларды біз сот барысында көрдік, бірақ олай айтылған, қорлау сөздерін байқамадық", - дейді Эльнура Кишкенебаева.

© видеодан алынған кадр

Ол тергеу кезінде көптеген уәж айтылмағанын жеткізді.

"Тергеу кезінде айтылмаған уәждер көп. Полиция тарапынан берілген бейнежетондар. Олар ондағы видеодан өздеріне ұтымды жағын көрсеткен. Ал бізге ұтымды жағы дұрыс көрсетілмеген. Сотта біз бейнежазбаларды сұратқан кезде нақты полиция тарапынан заңсыз іс-әрекеттерін байқадық", - дейді ол.

Сондай-ақ, қорғаушы сот толық аяқталмағанын айтты.

"Сот мұнымен толыққанды аяқталған жоқ. Алда әлі апелляциялық шағым түсіруге әбден құқығымыз бар. Біз қорғауымыздағы азаматты ақтап, оның ешқандай кінәсі жоқ екенін дәлелдеп шығуға әрекет жасаймыз", - дейді ол.

Адвокат өнер адамдарын қорғау қиын емес екенін де жеткізді.

"Өнер адамына адвокат болу қиын емес. Олда өзіміз секілді қарапайым адам. Ешқандай еркелігі жоқ. Барлығын өз ретімен қабылдап отырды. Кеткен қателіктері болса, жазасын өтеп отырды. Заң бәріне ортақ екенін ол жақсы біледі. Заңға бағынады. Ал тікелей мына қылмыстық іс бойынша келіспейтін тұстарын айтып өтті", - дейді адвокат.

Айта кетейік, Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видео тараған болатын. Кейінірек оның есірткіге мас болып ұсталғаны белгілі болды.

"Тілімді қышытпаңдар". Төреғали Төреәлінің қарындасы ағасына шаң жуытпай отыр

Полиция Төреғали Төреәлінің ұсталған сәті анық көрінетін видеоны жариялады

Еске салайық, бұған дейін TikTok-та әнші Төреғали Төреәлі белгісіз ер адамды ұрып тастаған делінген видео тарағаны хабарланған болатын. Кейінірек Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов бұл іске қатысты пікір білдірген еді. Cонымен қатар, әнші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды.

Кейін әншінің өзі де жанжал неден шыққанын түсіндірген. Оның айтуынша, жаңа клиптің түсірілімі барысында жанжал шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Нәтижесінде жанжал соңы әнші тарапынан төбелеске ұласқан. Ал кейін Төреғали Төреәлі соққыға жыққан жігітпен татуласқаны белгілі болды. Сонымен қатар, іс тоқтатылды.

"Төреғали Төреәліге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі негізінде тіркелген қылмыстық іс бойынша тараптар татуласқанын хабарлаймыз. Нәтижесінде қылмыстық іске қатысты тергеу тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады", - делінген Полиция департаменті хабарламасында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Ерболұлы