30 мың литр ауызсу, 2 тоннадан аса ет. Абай облысына жеткізілген көмек жеткілікті екені айтылды

Абай облысына жеткілікті мөлшерде гуманитарлық көмек барған. Бұл туралы гуманитарлық көмекті сақтау қоймасын тексеру барысында белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірге еліміздің және облыстың барлық өңірінен азық-түлік пен қажет заттар жеткізіліп жатыр. Орман өрті оқшауланғандықтан, қазір азық-түлік толық жеткілікті болған. Мысалы, ауызсу 30 мың литрден асып түскен. Сондай-ақ, 2 тоннадан аса ет және 44 тонна ұн, макарон, күнбағыс майы, консервілер мен шұжықтар, сүт, шай, кондитерлік өнімдер сияқты азық-түліктер жеткізілген.

"Құрметті жерлестер, ТЖ кезінде Абай облысына көмек қолын созғандардың барлығына рақмет. Біздің облысымыздың әрбір ауданы, еліміздің әрбір облысы қол ұшын созып, бізге көмек көрсетті. Бүгін өрттің беті қайтқан кезде баршаңызға үлкен алғысымызды білдіреміз және азық-түлік пен бірінші кезекте қажет заттарды қабылдау тоқтатылатынын жариялаймыз", - деді облыстық мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов.

Ал тез бұзылатын өнімдер бірінші кезекте далалық асүйлерге жіберілетіні және өрт сөндіруге тартылған - өртсөндірушілер, орманшылар, әскери қызметкерлер және табиғи апатты ауыздықтауға атсалысқан басқа да қатысушылар үшін дайындалатыны айтылды. Қазір қоймаларда ұзақ сақталатын азық-түлік ғана қалған.

"Әкелінгеннің бәрі қоймаларда, бұл мәселемен "Ақ Ертіс" қоры айналысады. Барлық өнім тізімдемемен қабылданып, беріледі. Жақын күндері бұл азық-түліктер өртсөндірушілер мен әскерилерге жеткізіледі. Егер қандай да бір өнімдер қалса, арнайы комиссия бұл өнімдерді Бородулиха ауданына, мүмкін балалар үйіне таратады", - деді Қуаныш Сүлейменов.

Сонымен қатар, тұрғындарға гигиена құралдары, бір реттік ыдыс-аяқ, шұлық, қолғап және футболкалар қамтамасыз етілген. Ал арнайы шотқа жеке және заңды тұлғалардан 500 миллион теңгеден аса қаражат түскен.

Еске салайық, бұған дейін "Семей орманы" аумағында өрт шыққаны хабарланған еді. Кейінірек Абай облысындағы орман өртінің аумағы 2 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, үш ауылдың тұрғындары үйлерін тастап кеткені белгілі болды. Ал тұрғындар өртсөндірушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті. 

"Батырлар арамызда". Желіде өртсөндірушілердің далада ұйықтап жатқан видеосы тарады

Абай облысындағы алапат өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері іздестірілді. Кейін оның үшеуі қаза тапқаны анықталды. Осы жағдайлардан кейін Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Сонымен қатар, екі ауылға қауіп төніп тұрғаны хабарланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы өртке байланысты Вьетнамға сапарын кейінге шегерді. Президент Абай облысындағы өртке байланысты Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Үкімет басшысы да қарамағындағыларға бірқатар тапсырма берді.

Кейінірек орман өрті 60 мың гектарға жайылғаны белгілі болды. Осыған орай 7 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өрттен 11 адам өлі табылды.

Абай облысында өрт: қаза тапқандарға қатысты жаңа дерек айтылды

Абай облысындағы өрттен қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Ал экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің суретін жариялады.

Абай облысындағы өртте ерлігі мен жанқиярлығы үшін қаза тапқан 14 адам марапатталды

Абай облысындағы өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланды. Тоқаев Абай облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты. 

Абай облысындағы өрт: әуеден 486 рет су төгілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Семей орманы" табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккендерге өзі көмек беретінін мәлімдеді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та Абай облысында өрттен қаза тапқан қызметкерлердің отбасына көңіл айтты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!