Ыстамбұлдағы жарылыс: тағы 46 күдікті ұсталды

Ыстамбұлдағы жарылыс: тағы 46 күдікті ұсталды
Фото: Reuters

Ыстамбұлдағы жарылысқа қатысы болуы мүмкін 46 күдікті ұсталды, - деп хабарлайды РИА Новости

Бұл туралы елдің әділет министрі Бекир Боздаг мәлімдеді. 

"Бүгінде терактіге қатысы болуы мүмкін 46 күдікті ұсталды", - деп келтірді министрдің сөзін Yeni Şafak газеті. 

Айта кетейік, бұған дейін Ыстамбұлда жарылғыш заты бар пакетті қаланың туристік орталығында, Истикляль көшесінде қалдырған әйел ұсталған болатын. Бұл туралы Түркия ІІМ басшысы мәлімдеген еді. 

Еске салайық, жексенбіде түстен кейін Ыстамбұлдың басты туристік көшесі саналатын Истикляльдегі жаяу жүргіншілер жолында жарылыс болды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, жарылыс салдарынан алты адам қаза тапқан. Ыстамбұлдың Бас прокуратурасы оқиғаны тергеуді бастады. Қылмыстық сот оқиға орнынан және әлеуметтік желілерден тікелей хабар таратуға тыйым салды. Кейінірек TRT Haber телеарнасы қауіпсіздік қызметкерлері осы оқиғадан кейін арандатушылық мәнде жазба жариялаған 25 қолданушыға қатысты тергеуді бастағанын хабарлады. Түркия билігі алдын ала мәлімет бойынша, бұл жарылысқа әйел кінәлі деп санайды. Алғашында оның суреті жарияланды, кейін күдікті қамауға алынды. 

Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ыстамбұлдағы жарылыс кезінде зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров СІМ брифингі кезінде айтты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина