Ыстамбұлдағы жарылыс: күдікті қамауға алынды

Ыстамбұлдағы жарылыс: күдікті қамауға алынды

Ыстамбұлда жарылғыш заты бар пакетті қаланың туристік орталығында, Истикляль көшесінде қалдырған әйелді полиция ұстады. Бұл туралы Түркия ІІМ басшысы мәлімдеді, - деп хабарлайды Mash telegram-арнасы.

Ведомство мәліметінше, ұсталған әйелдің күрд террористік ұйымдарына қатысы бары анықталған.

Айта кетейік, бұған дейін Түрік бұқаралық ақпарат құралы Ыстамбұлдағы жарылысқа кінәлі болуы мүмкін әйелдің суретін жариялаған болатын. Басылым суреттегі әйелдің Ыстамбұлдағы жарылысқа қатысы болуы мүмкін екенін жазған. 

Еске салайық, жексенбіде түстен кейін Ыстамбұлдың басты туристік көшесі саналатын Истикляльдегі жаяу жүргіншілер жолында жарылыс болды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, жарылыс салдарынан алты адам қаза тапқан. Ыстамбұлдың Бас прокуратурасы оқиғаны тергеуді бастады. Қылмыстық сот оқиға орнынан және әлеуметтік желілерден тікелей хабар таратуға тыйым салды. Кейінірек TRT Haber теларнасы қауіпсіздік қызметкерлері осы оқиғадан кейін арандатушылық мәнде жазба жариялаған 25 қолданушыға қатысты тергеуді бастағанын хабарлады. Түркия билігі алдын ала мәлімет бойынша, бұл жарылысқа әйел кінәлі деп санайды. Алғашында оның суреті жарияланды, кейін күдікті қамауға алынды. 

Ал Ыстамбұлдағы ҚР Бас консулдығы жарылыс құрбандары арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғы туралы ақпаратты анықтау үшін Түркияның құзыретті органдары мен қала мэриясымен байланыста.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова