«Қызыл Жебе» романындағы саяси-әлеуметтік қайшылықтар

«Қызыл Жебе» романындағы саяси-әлеуметтік қайшылықтар
Фото: 1ms.net

Талантты сыншы, зерделі ойшыл С.Әшімбаев Ш.Мұртазаның алғашқы шығармашылық адымы туралы «Шерхан Мұртаза туған әдебиетіміздің киелі табалдырығын 60-жылдары имене де ілтипатпен аттаған бүгінде айтар ойы қордаланып, қомақтанып қалған тегеурінді буынның тегершегі берік белді бір өкілі. Ол – әлдекімдер сияқты әр жанрдың «есігін» бір ашпай, алғашқы тұсаукесер туындысынан бастап негізінен повесть жанрының соңынан індете қуып, ізденіп келе жатқан жазушы», - деп жазады.

Қаламгерлік шеберлік пен кемелдікті айрықша көрсете білген Шерхан Мұртаза қазіргі жаңа тәуелсіз әдебиетіміздің көрнекті қайраткерлерінің бірі һәм бірегейі. Ұзақ жылдан бері Шерхан Мұртазаның сан-салалы шығармашылығы зерттеу обьектісіне айналып, жан-жақты қарастырылды. Алғашқы сын айтушылардың қатарында Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, М.Қаратаев, Қ.Мұхамеджанов, С.Қирабаев, З.Серікқалиевтарды ерекше атап айтсақ, қазіргі кезең тұрғысынан З.Қабдолов, Р.Нұрғали, С.Әшімбаев, Т.Мамасейіт, Ә.Кекілбаев, Л.Мақұлбековалардың зерттеу еңбектерін атап көрсетуге болады.

Бұл күнде халық жазушысы Шерхан Мұртаза шығармашылығы да бір кездері қоғамдағы "жылымық кезең" атанған дәуірде басталған еді. Сталиннің жебір саясаты жойылып, ұлттар әдебиеті қайта қолға алынып, сәл де болса көркем өнер иелері бостандық пен еркіндікті бастан кешіруі де осы кезеңде еді. «Қызыл жебе» сол өткен тарихтың халық тағдырындағы құпия ұсталып тылсым болып келген жақтарына үңіле білді, көре білді. Бейбіт өмірге қайта оралған халықтың жан жараларына дәрумен болған тап сол кезеңдегі ұлттық әдебиеттің көркемдік мән-маңызына деген жауапкершілік ерекше болатын.

«Қызыл жебе» роман-эпопеясы бізге несімен қымбат? Біз өткенінен, тегінен, рухынан ажырап, тіпті айырылып қала жаздаған небір қияметтерді басымыздан өткердік. Халықты қайтсемде бақытқа жеткізем деп жанпидалықпен күрескен арыстарымыздан айрылдық. Міне, сол жоғалған арыстарымыздың бірі Тұрар Рысқұлов еді. «Қызыл жебе» романы арқылы біз ең алдымен ұлт ұлымен қауыштық, тарих қатпарындағы шындықтарды таныдық. Сонымен бірге, бұл роман - өткен тарихымыздың айнасы, танымдық, тағылымдық мәні зор шығарма.

Кешегі Кеңес өкіметі өткен тарихты, ата-бабамызды, тегімізді ұмыттырып жіберуге тырысты. Тарих сабақтастығы, ұрпақ сабақтастығы үзілмеуін насихаттайтын бұл шығарма ең бастысы ата-баба рухын ұмытпау қажеттігін еске салады. Өткен ғасырдың кеңестік кезеңдегі тоқырау жылдары деп аталатын тұстарында-ақ қайсар қаламгер халықты жегідей жеп, борандай түтеп бара жатқан дауылға қарсы күрес жолын іздеп, сананы серпілтіп, рухты оятуға ұмтылып үлкен азаматтық іс жасады. Сөйтіп, тұтастай алғанда, эпопея жарық көрген кезеңде (1978 - 1994) халықтың жаппай оянуына, рухтың сілкінуіне серпінді әсер еткені сөзсіз. Осы ретте «Қызыл жебе» роман-эпопеясы егемендікке қызмет етті.

Ұқсас жазбалар:

«Қызыл жебе» романындағы Тұрардың азамат болып өсіп, саяси қайраткер дәрежесіне көтерілуінің көркем жинақталуы

«Қызыл жебе» романының тақырыбы мен идеясы

«Қызыл жебе» романындағы Рысқұл мен Тұрар образдары

Ж. Исакаев