«Қызыл жебе» романындағы Тұрардың азамат болып өсіп, саяси қайраткер дәрежесіне көтерілуінің көркем жинақталуы

«Қызыл жебе» романындағы Тұрардың азамат болып өсіп, саяси қайраткер дәрежесіне көтерілуінің көркем жинақталуы
Фото: nnm.me

Шерхан Мұртазаның шығармашылық шеберлігі шыңдалып, үлкен суреткерлікке көтерілгенін танытатын айтулы еңбегі – бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» роман-эпопеясы. Бұл өзі туған әдебиетіміздегі көп томдық романдар дәстүрін сәтті жалғастырған және осы бағытта өзіндік бетбұрыс жасаған шығарма болды. Жазушы Тахауи Ахтанов «Қызыл жебе» романы туралы былай дейді: «Жаңа романда Шерхан тіл жағынан да өсіп, байи түскен. Кейіпкерлердің өз болмыс-мінезіне сай сөз саптауынан, табиғат суреттерінен авторлық баяндау тебіреністерден бүгінгі проза дәрежесіндегі салиқалы кеңдік, шымыр шырақтық сияқты тіл мәдениетін танимыз». Демек, қаламгердің шеберлігін Тұрар Рысқұлов образын нағыз ұлттық болмысқа ұштастырып жазуынан-ақ көруге болады.

Тарихи-революциялық тақырып аясында жазылған «Қызыл жебе» роман-эпопеясының бірінші кітабынан соң, араға жылдар салып келесі кітаптары да жарық көрді. «Тамұқ» аталған соңғы кітабы 1994 жылы оқырмандар қолына тиді. «Қызыл жебе» роман-эпопеясы қилы заман тудырған, сол аласапыранда халқым деп қабырғасы қайысқан Тұрар Рысқұловтай ұлы тұлғаның өмір жолын негізге ала отырып, халық басынан кешкен ауыр сәттерді бар шындығымен көрсетуге ұмтылады. Сол себепті, Тұрар Рысқұлов тағдыры – халық тағдыры. Оның өмір жолындағы басынан өткен шындықтар халық тағдырындағы, тарихындағы шындықтарды елестетер еді. Сөйтіп роман-эпопеяның соңғы кітаптары («Қыл көпір», «Тамұқ») бүкілхалықтық трагедияны суреттеп көрсеткен, азалы кезең келбетін көз алдымызға алып келген келісті туындылар болып шыққан.

Жалпы, Шерхан Мұртазаның көркем шығармаларында дәуір тынысын бейнелеуі жазушылық шеберлігіне ғана емес, өмірді қаншалықты терең зерттеп білуіне де тікелей байланысты. Жазушы асқақ рухты көркем шығармаларында суреткерлік шеберлікпен көрсете білді.

«Қызыл жебе» романының бірінші кітабында Бронников пен Наташаның көмегі арқылы хат танып, әр нәрсеге зер салып, жіті қарауды үйренген Тұрар, екінші кітапта қоғамдық-әлеуметтік іске бірте-бірте араласа келіп, Әулие-Атада уақытша үкіметті құлатушылардың алдыңғы шебінен көрінген еді.

Жазушының шынайы үлкен талант екендігін айқындаған келесі кітабы – «Жұлдыз көпір». Шерханның бұл романы композициясының шымырлығымен, уақиға желісінің нанымдылығымен, кейіпкерлерінің даралануымен құнды. Бұл кітаптың бірқатар кейіпкерлері шетінен мықты, шетінен парасатты, биік идеяның адамдары.

Тұрар Рысқұлов – марксизм-ленинизм ілімін жан-жақты жете меңгерген, принципшіл коммунист. Ол жігерсіз ұл болып тумады. Ол – рухты ер. Меркеде жұмысшы-шаруалардың революциялық қозғалысының басы-қасында болып, оларға белсене басшылық жасады. Уақытша үкіметті құлатуға бар күш-жігерін тартынбай, бай тәжірбиесін батыл жұмсап бақты. Жазушы Тұрар Рысқұлов бейнесін тек тарихи фактілермен шектеп, соның шырмауында ғана суреттемеген, оның пенделік пішінін, ішкі психологиясын анық та айқын суреттеген.

Ал жетім-жесір, кедей шаруаға деген оның жанашыр ілтипаты айрықша. Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» романының үш кітабын да сәтті жазып шықты. Шығарманы оқығанда бірден көз алдымызға асқақ та айбынды Тұрар Рысқұлов бейнесі келеді. Біз Қазақстандағы революция күндерін, сол күндері бастан өткен қиындық пен қайшылықтарды Тұрардың өмір жолынан танып білсек, қазақ жанашырының жан дүниесін оның іс-әрекеттері арқылы шынайы сезінгендейміз. Автор баяндауында Тұрардың ағзасын сырқат етсе де, көңілін сырқат еткісі жоқ. Сонымен қатар Тұрардың әкесі Рысқұлдың да бейнесін әр сәтте әр түрлі қырынан көрсеткен. Ең алдымен біз Рысқұлды рухы күшті, намысы биік ұлт азаматы ретінде танимыз. Тұрар әкесінің батылдығы мен қайраттылығына сүйсінеді. Тұқымбайдың жүйрік аты Қызыл Жебеге мініп, көкпар тартқан әкесінің қимылына дән риза болады. Сол кезде-ақ жас бала өмірдің талас пен тартыстан тұратынын, кім батыл, қайсар болса, сол ғана өз үлесін алатынын ұққандай еді. Тумысынан зерек Тұрар өзін тегі асыл ең жүйрік, ең мықты Қызыл Жебеге теңегісі келеді. Балалардың арасында «Қызыл Жебе» атанып кетеді. Автор қанатты сөздерді қолдана отырып та, Тұрар образын шебер бейнелей білген. Әрбір қанатты сөз оған жаңа реңк беріп тұрғандай. Мысалы: «Жүгіріп келе жатқан көшең қисық болса да, жүрісің түзу болсын», «Ұлылықтан пенделікке дейін бір-ақ қадам», «Тиын-тебен қымбат емес, адамның ары қымбат», «Көңілді кірбің тұта берсе кір болады», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұқ жоқ» деген аталы сөздер Тұрар Рысқұлов бейнесіне жарық түсіріп, оның шыңдалуына зор үлес қосқан.

Жазушы Шерхан Мұртаза бұл шығармасында кейіпкерлердің жан дүниесін тартысты оқиғалар легімен ашуда алғырлық танытқан. Кейіпкерлерді суреттеуде де жазушының асқақ рухын танимыз. Ұлттық әдебиетіміздегі роман саласына елеулі еңбек сіңіріп, қазақ әдебиетін көркемдік деңгейі жоғары туындылармен байытуға үлес қосқан шығармашыл тұлға ретінде де Шерхан Мұртаза есімін ерекше атауға болады. Қазақ әдебиетіне жетпісінші жылдардың соңында келіп қосылған «Қызыл жебе» романын жазу барысында қаламгердің архив материалдарын мұқият зерттеп, орынды пайдалана білуі, табиғат суреттерін әсерлі өрнектеуі, қазақ халқының әдет-ғұрыптарын, географиясы мен этнографиясын еркін игеруі романның ұлттық құндылығын арттыра түскен.

Ұқсас жазбалар:

«Қызыл жебе» романының тақырыбы мен идеясы

«Қызыл жебе» романындағы Рысқұл мен Тұрар образдары

Ж. Исакаев