«Қызыл жебе» романындағы Рысқұл мен Тұрар образдары

«Қызыл жебе» романындағы Рысқұл мен Тұрар образдары
Фото: www.youtube.com

Шерхан Мұртаза шығармашылығының айрықша ерекшелігі – адам жанына терең үңілу дер едік. Оның Тұрар Рысқұлов туралы жарық көрген үш кітабының қай-қайсысын оқысаңыз да, осындай тұжырымға келеріңіз хақ.

Жазушы «Қызыл жебе» романының бірінші кітабының аяғында әке мен баланың айырылысуын былайша суреттейді: «Тұрардың саусағы ілінген белбеудің шуда жібі сетінеп, бір талшығы баланың уысында қалып ыдырай берді. Арбадан екі-үш адым кейін қалып қойғанда да әкесі мен екі араны әлгі шуда жіп жалғап келе жатты. Белбеу жіп тарқатыла-тарқатыла таусылғандай еді. Алыстан қараған адамға бақытты бір бала батпырауық ұшырып, ойнап бара жатқандай көрінер. Ал, мына баланың бар үміті тарқатылған белбеу жібінде ғана қалғандай, өкпесі қабынып, өті жарылып, жаны мұрнының ұшына қонақтап, зымырап келеді. Баланың бұл жандалбасасын әуелі қызық көрген артқы айдауыл «ойын түбі өрт болып жүрмесін» дегендей, әке мен баланың арасын жалғап келе жатқан әлсіз жіпті қиып кеп жіберді. Сол сәт бала қолымен ауа қармап, ұмтылып-ұмтылып барып, етпетінен құлап түсті. Жіптің шұбатылған жалғауын тұтып қалғысы келгендей, кішкентай қолын алға соза құлады». Осы аз ғана көріністе әке мен бала махаббаты, қатігездіктің шырмауы, өмірдің ащы көрінісі айқын сезілгендей-ақ. Жас Тұрардың өмір талқысына түскен әр қадамынан оның келешекте халық үшін жаралған азамат екенін дәлелдейтін қасиеттер – табандылық, қайсарлық, турашылдық, тегеуіріндік, зеректік – осылардың барлығы айқын көрініп отырады. Шынында, сүйікті анасынан ерте айырылып, сүзектің азабын тартуы, өгей шешенің қас-қабағын аңдуы, одан кейінгі түрмеде көрген қорлықтары он-он екі жастағы балаға жеңіл жүк емес. Әйтседе бақытына орай, оның Рысқұлдай әкесі бар. Шерхан Мұртаза әлбетте, Рысқұлды ерекше тұлға, адам баласынан ала бөтен бейне етіп көрсетпейді. Ол өз қатарлары сияқты көптеген кедейлердің бірі. Солай болғандықтан оның асып бара жатқан байлығы да жоқ, елді аузына қаратар әкімшілік қызметі де жоқ, қарны бірде тойып, бірде тоймаған жұпыны тіршілігінің арқасында күн көруде. Рысқұл ешқашан баласына «анандай болма, мынадай бол» дегендей құрғақ дидактиканы жаттата бермейді. Бір қарағанда қатал көрінетін нағыз әкенің ер адамға лайық ұстамдылығын, шыдамдылығын, салмақтылығын көреміз. Сонымен қатар әкенің осы бір өр мінезді баласына ұялату мақсатындағы іс-әрекеттеріне сүйсінеміз. Сөйтіп, Рысқұлдың өз ұлына, келешегінен көп үміт күткен баласына ақыл айтудан гөрі нақтылы қимыл әрекеттерімен ықпал ету сәттері басым.

Ұл бала қашанда жақсы әкенің тартымды қылығына еліктегіш келеді. Рысқұлдың кедейлігіне қарамастан, өз жолынан таймайтын, өзгеге есесін жібермейтін, намысы зор жігіт екенін аңғартатын тұстар аз емес. Рысқұлдың бойындағы нағыз адамгершіліктің үлкен бір қырын – баласы Тұрарға деген көзқарасынан, оған деген асқан сүйіспеншілігінен байқауға болады. Сот алдында қаншалықты ауыр жаза алатынына көзі жеткендей болып тұрса да, «итжеккенге» айдайтынын аңғарса да баласымен бірге болуын өтінуі, жеке басының тағдырынан гөрі ұлының болашағын көбірек ойлауы – нағыз абзал әкеде ғана болатын қасиет. Романдағы бейнелер мен оқиғалардың барлығы Тұрардың азаматтық тұлғасының қалыптасуына, оң мен солын тануына зор ықпал еткені сөзсіз. Шығарма барысында жазушы бала Тұрарды әрдайым бірқалыпта суреттейді: орынсыз ұшқалақтық, шапшаң ренжіп, тез басылу тәрізді балада көп ұшырасатын қылық жоқ. «Қызыл жебе» романын тек өткен жыл ғана емес, соңғы жылдардағы қазақ прозасының елеулі табыстарының бірі деп бағалағанымыз жөн.

Ұқсас жазбалар:

Шерхан Мұртазаның мерейтойы дүбірлеп өтті

Нұртөре Жүсіп: «Шерағаның жазарманға деген құрметі бөлек»

Ж. Исакаев