Apple-Google-Facebook: техногиганттарының әуедегі соғысы

Apple-Google-Facebook: техногиганттарының әуедегі соғысы
Фото: steemit.com

"Apple", "Google", "Facebook", "SpaceX" және т.б алып корпорациялар көкке үмітпен көз тігуде. Әлбетте, "алма піс, аузыма түс" деген үмітте емес. Адамзат жер үсті мен жер асты байлықтарын иеленіп болды. Су беті мен су түбі де олардың иелігінде. Енді адамдарды тәуелді ету үшін күрес көкте жалғасып келеді, яғни интернет тізгінін ұстау күресі. 
Ортада тек позиция немесе әлеуметтік миссия тұрған жоқ. Қомақты қаржы да бар. "Тағы бірнеше миллиард адамды интернетке жалғасақ қанша табыс түседі" деген сұрақ гигант корпорацияларға ұйқы бермей жатқаны шындық.

"Apple". Әлі алғашқы "iPhone" шықпай тұрып Стив Джобс жеке сымсыз интернетін жасауға талпынғаны белгілі болды. "Bloomberg" агенттігінің хабарына қарағанда, "Apple" компаниясы кезінде "Alphabet" мамандарымен бірігіп интернет тарататын жасанды серік жасайтын топ құрған.

"Facebook". Жаһандағы ең ірі әлеуметтік тармақ "Internet.org" жобасы үстінде жұмыс істеп келеді. "Facebook" ұшқышсыз басқарылатын интернет тарататын лазерлі құрылғылар арқылы телеком-операторлармен бірлесіп, әлемнің әр бұрышына қалай интернет жеткізіп береміз деп бас қатыруда. Цукерберг компаниясы спутникті инетрнет орнатуға да тырысып жатыр. Тіпті 2016 жылы "SpaceX" пен бір уақытта  жасанды серігін ұшыруға да тырысып көрді. Бірақ зымыран ұшпай жатып сәтсіздікке ұшырап, старт кезінде жарылып кетті. 1 ай бұрын "Facebook" ұшқышсыз басқарылатын интернет жобасын жапқандығы туралы мәлімдеді. Бірақ, компания сонда да жеңіле салғысы келмей  француздардың "Eutelsat" корпорациясымен ынтымақтастықты жалғастырмақшы.

"SpaceX". Илон Маск айды аспанға шығарып, жер шарындағы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін интернетпен қамтамасыз етемін деп дабыл қағуда. Бұл құр айғай еместігін дәлелдеу үшін 4500 жасанды серікті ғарышқа алып шықпақшы. Биыл "Falcon 9" зымыранымен "Microsat-2a" және "Microsat-2b" жасанды серіктерін ғарышқа ұшырып жіберді. Бұл 10 миллиард долларлық "Starlink" жобасына жасалған алғашқы қадам болды. Маск осылай 2025 жылға дейін 30 миллиард доллар табыс әкелетін 40 миллион абонентке ие болмақшы. 

"SoftBank". Орбитаны жасанды серіктермен жаулап алуды жалғыз Маск жүзеге асырып жатқан жоқ. Жапонияның "SoftBank" компаниясы қаржыландырып жатқан "OneWeb" жобасы Илонға лайықты қарсылас саналып жатыр. Себебі компанияның жасанды серіктері қазірдің өзінде орта орбитада ұшып жүр.

Неге бәрі жасанды серіктерін Жерге жақындау орбитаға орналастыруға талпынып жатыр?

Біріншіден, қазіргі орбитада орын қалмаған. Интернет-серіктер ұшып жүрген геостационарлық орбита өте тығыз, яғни жасанды серіктердің саны өте көп. Екіншіден, интернет-серігі жерден қашықта орналасқандықтан (35 786 км) көзделген жерге сигнал 250 миллисекундтан кейін жетеді. Бұл бізге көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт болғанымен, интернет майданында өте ұзақ уақыт. Тіпті мегабиттердегі жоғары жылдамдық есебінен де жылдамдықты қысқартудың техникалық жағынан ешқандай мүмкіндігі болмай тұр. Салыстыратын болсақ мысалы, 4G желісіндегі кідіріс бірнеше ондаған миллисекунд болады. Бірақ бұл да көп уақыт.

Шешім. Бұл мәселенің шешімі орта және төменгі орбита болуы күтіліп жатыр. Маск әрбір абонентке 1 Гбит/с жылдамдықты уәде етуде. Егер аталған жоба жүзеге асатын болса, басқа мәселенің шеті көрінеді. Жасанды серіктерді төменгі орбитаға орналастыратын болсақ, олар қанша уақытқа дейін жұмыс істейді. Жасанды серік атмосфераның төменгі қабатында қозғалу барысында ауаға үйкелу есебебінен төмендей береді, соңында жерге құлап түсу қаупі бар. Осындай мәселелерден олардың қызметі геостационарлық серіктерге қарағанда аз болады. Тағы бір айта кетерлігі, төменгі орбитаға жасанды серіктерді ұшыра берсек, уақыт өте келе оларды бірдей биіктікте ұстап тұру оңай болмайды. 

"Алтын көпір". Орынға таласу жарысы тек орбитада ғана емес, стратосфераның 25 шақырым қашықтығында, ұшақтар ұшпайтын биіктікте де болып жатыр. Соңғы онжылдықта күн батареяларымен қозғалатын, өте биіктікте ұшатын ұшақтар мен әуе шарлары көмегімен интернет тарату идеясы технология компанияларын қызықтырып отыр. Мысалы, "Airbus", "Stratobus" дирижабльдері және "Google"-дің қашық нүктелерге 4G сигналын таратуға көмектесетін "Loon" әуе шарлары солардың қатарына жатады. "Loon" әуе шарлары басқаларға қарағанда ұзақ жұмыс істейді, техникалық жөндеу көрмей 100 күнге дейін өз міндетін атқара береді. Енді компания дирижабльдер санын тағы да көбейту үшін түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр.

"Facebook" компаниясы бұл жерде де "Aquila" стратосфера ұшақтар жобасын тоқтатып ойыннан шықты. Бірақ, басқа компаниялар жерден 25 шақырым биіктегі интернет мекенін иелену үшін бәсекелестіктерін тоқтатқан жоқ.

Демек, біз жоғарыда санамалап өткен ірі корпарациялар адамдар назарын өзіне аудару, жоғары жылдамдықтағы қолжетімді интернет арқылы клиенттер санын көбейту үшін бұл майдан жақын уақытта тоқтамайды. Бұған тағы бір-екі жылда жаңа компаниялар келіп қосылуы да ғажап емес. ХХІ ғасырдағы ең алып күш интернет болып тұрғанда осылай бәсекелестіктің арқасында технология мен ақпарат дамуы алдағы уақытта жарық жылдамдығын басып озуы күмәнсіз.

Т. Раушанұлы