Ұлт намысын ұран еткен боксшылар

Ұлт намысын ұран еткен боксшылар
Фото: massaget.kz, kfb.kz

Қазақ боксы әлемдік аренада жоғары беделге ие. Қайсар мінезді қазақтың жігіттері әуесқой бокс болсын, кәсіпқой бокс шаршы алаңы болсын, өздерінің шеберлігі жоғары, шоқтығы биік екенін мойындатып келеді. Жастардың да бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі, үлгі тұтарлықтай ұлт ұландары бар. 

Шаршы алаңда намысты қолдан бермейтін қазақ жігіттерінің қайсар мінезіне талайлар таңдай қағып келеді. Байтақ даланы төске жайлаған ұлттың жас өрендері күрзі жұдырықты батырларын үлгі тұтады, мақтан етеді. Ал ұлт намысын ұран еткен боксшылардың шаршы алаңдағы шеберлігінен ғана емес, өмірдегі ұстанымынан да үлгі алуға болады. Осы мақсатта жазылған жазбамызды оқып, бағасын бере отырыңыздар.

Бекзат Саттарханов - қазақ боксы тарихында құйрықты жұлдызды ағып өткен жас талант. 2000 жылы Сидней Олимпиадасының чемпионы. 

Геннадий Головкин - кәсіпқой бокста ел абыройын асқақтатып жүрген боксшы. Қазіргі таңда WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша чемпиондық атаққа ие.

Бейбіт Шүменов кәсіпқой бокста ел намысын 2007 жылдан бері қорғап келеді. 31 жастағы қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы мансабында 17 жекпе-жек өткізіп, оның 15-інде жеңіске жеткен. 10 кездесуін нокаутпен аяқтаса, 2 жекпе-жегінде жеңіліс тапқан. IBA және WBA суперчемпион атағын иеленген.

Кәсіпқой бокста қазақ елінің абыройын асқақтатып жүрген отандасымыз Қанат Ислам бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағын қорғап келеді. Осыған дейін 19 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтады. 16 жекпе-жегінде мезгілінен бұрын жеңіске жетті.

 

Данияр Елеусінов - бокстан Қазақстан құрамасының капитаны. AIBA таңдауымен екінші жыл қатарынан әлемнің үздік боксшысы атанды. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадада чемпион атанады деп ел сенім артып отырған боксшылардың бірі.

Серік Сәпиев - 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы. Қазіргі таңда «Astana Arlans» бокс клубының директоры қызметін атқарып келеді. 

Ермахан Ибраимов - 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, Атланта (1996 ж) Олимпиадасының қола жүлдегері. Бүгінде қазақ боксының дамуы жолында тер төгіп келеді. 

Еліміздің әнұранын шарықтатып, көк туымызды биікте қалықтатып жүрген спорт түрінің әлемдік деңгейдегі алар асуы мен басар белесі әлі алда деп білеміз. Қазақтың қайсар ұлдары әуесқой бокс шаршы алаңдарында да, кәсіпқой бокс ареналарында да абыройымызды асқақтатарына сеніммен қараймыз. 

О. Сансызбай