Серік Сәпиев AIBA комиссиясына мүше болды

 Серік Сәпиев AIBA комиссиясына мүше болды

Серік Сәпиев Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) атлеттер мен жастар жөніндегі комиссиясына мүше болып қабылданды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты хабарлап отыр.

Сайт таратқан ақпарат бойынша, Қазақстан бокс федерациясының спорттық директоры Серік Сәпиевті AIBA атлеттер мен жастар жөніндегі комиссиясына мүше болуымен AIBA президенті Чинг Куо-Ву арнайы құттықтап, өз лебізін жолдаған. Алдағы уақытта Серіктің спортты дамытуға зор үлес қосып, көрнекті спорт қайраткері болатынына сенім білдірген. Енді отандасымыз 2015 жылдың ақпан айында Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін AIBA комиссиясының мәжілісіне қатысады. Естеріңізге сала кетсек, 19 қараша күні Серік Сәпиев бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) бақ сынайтын "Astana Arlans" командасының директоры болып та сайланған еді.

Сонымен қатар, бүгін ҚБФ ресми сайты Берік Маржықбаевтың да AIBA-ның APB жобасы жөніндегі комиссиясына мүше болып енгенін хабарлады. Осыған дейін, Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев AIBA-ның APB жобасы жөніндегі вице-президенті болып тағайындалған еді. 

Сурет: kfb.kz

Ө. Сансызбай