Геннадий Головкин жұдырықтасқысы келетін 5 боксшы

Геннадий Головкин жұдырықтасқысы келетін 5 боксшы

Орта салмақта WBA (Super), WBС (Interim) және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин алдағы уақытта кімдермен жұдырықтасқысы келетінін айтты. Ол BoxingChannel тілшісінің өтінішін қанағаттандырып, жұдырықтасқысы келетін 5 боксшының есімін атаған. Бұл туралы боксшының «вконтакте» желісіндегі ресми парақшасы хабарлап отыр.

Қазақстандық боксшы шаршы алаңда жұдырықтасқысы келетін боксшылар ішінен бесінші орынға Питер Куиллинді қойған. Отандасымыз америкалық боксшымен қазір жұдырықтаспайтынын айтқан.

- Мен Питер Куиллинмен жекпе-жекке шығуға қызығып отырған жоқпын. Ол қазір чемпиондық атақ иегері емес. Бірақ, алдағы уақытта шаршы алаңда кездесіп қалармыз.

Геннадий Головкин жекпе-жек өткізгісі келетін боксшылардың төртіншісіне Андре Уорд есімін атаған.

- Мен оны құрметтеймін, жекпе-жек өткізгім келеді. Бірақ, мен РРV (жекпе-жек әлемге тікелей эфирде танымал арналардан ақылы түрде тарайтын деңгейі жоғары жекпе-жек)деңгейінде жұдырықтасуды қалаймын. Ол мен кешірер, бірақ ол РРV деңгейіндегі боксшы емес. Сондықтан да екеуіміздің шаршы алаңда кездесуіміз жанкүйерлер үшін сый болмақ. Алдағы уақытта жұдырықтасамыз деп ойлаймын. Мүмкін, келер жылы.

GGG жұдырықтасқысы келетін боксшылардың үштігіне Хулио Сезар Чавесті (кішісі) енгізген.

- Чавеспен (кішісі) жұдырықтасу аса қызықтырып отырған жоқ. Ол өте көп сөйлейді. Әр салмаққа «секіріп», тұрақты салмақ ұстанбайды. Ол менің қарсыластарымның арасында фаворит емес.

Геннадий басты қарсыластарының бірі – Сауль Альваресті екінші орынға қойыпты.

- Сауль – мықты боксшы, жас әрі тәжірибелі. Келісімге келсе біз онымен PPV деңгейіндегі жекпе-жек өткізе аламыз. Бұл кездесуді күткен жанкүйерлерге үлкен сый болар еді.

Геннадий Головкин шаршы алаңда жұдырықтасқысы келетін боксшылар ішінен бірінші орынға Мигель Коттоны қойды.

- Біздің атағымыз да, рекордтарымыз да сай келеді. Менің мақсатым – Коттомен жекпе-жек өткізу.

Әрине, GGG бұл боксшыларды (олардың ішінде Коттоны да) жекпе-жекке шақыруда. Бірақ, промоутерлері келісімге келер емес. Кәсіпқой бокс – қаржыны күреп табудың да бір жолы. Генаның қарсыластары жұдырықтасу үшін қыруар қаржыны талап ететіні анық. Сонымен қатар, аз ақша үшін тәуекелге барып, атағынан айырылғысы да келмейді.  

Cурет: boxing.ru, vk.ru

Оқи отырыңыз

Головкин мен Монро ресми баспасөз жиынын өткізді (видео)

Вилли Монро: «Головкин қорғануды білмейді»

GGG чемпиондық атағын ең көп қорғаған боксшылардың үштігіне енді

Мюррей Генаға қарсылас атана алмады (видео)

Ө. Сансызбай