Алматы төрінде әлемнің үздік спортшылары бас қосады

Алматы төрінде әлемнің үздік спортшылары бас қосады
Фото: olympic.kz

Көктемнің алғашқы күндері Алматы қаласының маңайында орналасқан Шымбұлақ тау-шаңғы курортында фристайл-могулдан әлем кубогының кезеңі өтеді.

Жылдың қорытынды жарысын Алматы қаласында өткізу бақыты бұйырыпты. Наурыздың 2-3 күндері фристайл-могулдан әлемнің үздіктері оңтүстік астанамызда бас қосады. Жалпы, бұл спорт туралы қаншалықты хабарымыз бар? 

Могул – төбешікті бөктерден шаңғымен төмен қарай құлдилап барып, трамплиннен секіру элементтерін орындайтын фристайл спортының бір түрі. Әлем кубогы 1980 жылдан бері өтеді. 

Биыл әлем кубогының алты кезеңі өткен. Қорытынды жарыс – Алматыда. Жекелей жарыс 2 наурыз күні өтсе, жұптық сайыс 3 наурызға жоспарланған. Жарыс қорытындысы бойынша маусымда ең үздік нәтиже көрсеткен спортшылар марапатталатын болады. 

Алматыдағы финалдық кезеңде 13 елдің өкілдері бақ сынайды. Атап айтар болсақ, Австралия, Ұлыбритания, Германия, Қазақстан, Канада, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, АҚШ, Финляндия, Франция, Швеция және Жапония спортшылары қорытынды кезеңде жүлдеге таласады.

Қазақстан командасының құрамы: Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Аяулым Әміренова, Александр Геберт, Константин Горлачев, Сергей Романов, Олег Цинн. Өкінішке орай, жарақатына байланысты Дмитрий Рейхерд бұл кезеңде бақ сынамайды. Құраманың бас бапкері Елена Круглыхина.

Бар үмітіміз – Юлия Галышева. АҚШ-тың Парк Сити қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарған спортшы қызымыз қазір үздіктердің қатарында. Жарыс бойы көш басында болып, үздік екенін танытқан Юлия Галышева финалдық кезеңде 79,14 ұпай жинап, мансабында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Алматыда өтетін байрақты бәсекеде ел намысын қолдан бермейтініне сенеміз.

А. Рысдәулет