2019 жылы Қазақстанда өтетін 5 басты бәсеке

2019 жылы Қазақстанда өтетін 5 басты бәсеке
Фото: afckairat.kz

2019 жыл спортшыларымыз үшін ерекше болмақ. Өйткені Токио олимпиадасы қарсаңында бағы мен бабы келіскендер ғана төрт жылдықтың ең басты додасына жолдама алады. Бұдан бөлек елімізде өтетін байрақты бәсекелер де жетерлік. Назарларыңызға жылдың айтулы  5 шарасын ұсынамыз. Бәрі рет-ретімен.

©olympic.kz

Фристайл-могулдан әлем кубогының кезеңі

Өтетін орны: Алматы қаласы, Шымбұлақ тау-шаңғы курорты

Уақыты: 2-3 наурыз күндері аралығы

Наурыз айының басында фристайл-могулдан әлем кубогының кезеңдерінің бірін Шымбұлақ қабылдайды. Соңғы жылдары танымалдығы артып келе жатқан бұл қысқы спорт түрінде жеткен жетістіктерімізді ауыз толтырып айтуға болады. Оның үстіне Шымбұлақ тау-шаңғы курортында әлемдік деңгейдегі жарысты өткізуге бар жағдай жасалған. Өз жерімізде өтетін дүбірлі додада Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхердке артар үміт көп. 

©afckairat.kz

Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының төрттік финалы

Өтетін орны: Алматы қаласы, "Алматы Арена"

Уақыты: сәуір айының соңғы күндері

Сәуір айында оңтүстік астанамызда футзалдан жылдың басты айқасы өтеді. "Алматы Арена" әлемнің төрт үздік командасының басын қоспақ. Атап айтар болсақ: Португалияның "Спортингі", Испанияның "Интері" мен "Барселонасы" және ел үмітін арқалап отырған "Қайрат" ұжымы.

Өз топтарынан үздік нәтиже көрсетіп, ақтық сынға жолдама алған бұл төрт команда УЕФА Чемпиондар лигасының кубогы үшін таласады. Алматы қаласы осымен үшінші рет Төрттік финалды өткізгелі отыр. 2011 және 2017 жылдары өткен дүбірлі додаға оңтүстік астанамыздың тұрғындары қызығушылық танытқан болатын. Енді, міне, байрақты бәсеке Алматыға қайта оралады.

Бұған дейін 2013 және 2015 жылдары екі мәрте Төрттік финалда үздік болған "Қайрат" командасы жанкүйерлерінің алдында үшінші рет  "кәрі құрлықта" қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінуі тиіс.

©tengrinews.kz

Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты

Өтетін орны: Астана қаласы, "Барыс Арена"

Уақыты: 29 сәуір-5 мамыр күндері аралығы

Биыл хоккейден Қазақстан құрамасының элиталы дивизионға оралуға керемет мүмкіндігі бар. Сәуір айының соңында елордамызда хоккей әлемінің мықтылары бас қосады. 2 жылдан бері А дивизионында өнер көрсетіп жүрген ұлттық құрамамыз Беларусь, Оңтүстік Корея, Венгрия, Словения және Литвамен күш сынасады.

Өткен жылы А дивизионында Италиямен бірдей ұпай жинаған біздің құрама элиталы дивизионның жолдамасынан қағылған болатын. Ұлыбритания көш басында болса, екінші орынға 9 ұпайдан қанжығалаған Қазақстан мен Италия құрамалары жайғасқан. Алайда өзара өткізген ойында біздің жігіттер 3:0 есебімен Италияға есе жіберген еді. Сол себепті алғашқы дивизионда тағы бір жыл ойнайтын болды.

Әзірге А дивизионының фавориті - Қазақстан құрамасы. Алайда соңғы жылдардағы сәтсіздік жалғасын табуы бек мүмкін. Дегенмен де біздің жігіттер жігерлілік танытып, жанкүйерлерінің алдында жеңіс тұғырына шығуы қажет.

©olympic.kz

Күрес түрлерінен әлем чемпионаты

Өтетін орны: Астана қаласы

Уақыты: 14-22 қыркүйек күндері аралығы

Келер жылы Астанада күрес түрлерінен әлем біріншілігі өтеді. Еліміз үшін бұл айтулы шара. Өйткені бұған дейін еліміз мұндай деңгейдегі жарысты өткізбеген. Тек Азия чемпионаты, әлем Кубогы, 2012 және 2016 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирлерін қабылдаумен шектеліп келген болатын.

ТМД елдері арасынан аталмыш доданы Ресей, Әзірбайжан мен Өзбекстан өткізген. Ал Қазақстан төртінші болып әлем чемпионатын қабылдағалы отыр.

Астана әлем біріншілігін 14-22 қыркүйек аралығында өткізеді. Бұл әлем чемпионатының ерекшелігі - Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Ол үшін балуандар олимпиадалық салмақтарда 1-6-орын алуы қажет.

Қазақстандық балуандар үшін әлем чемпионаты ерекше болмақ. Өйткені өз жерінде өткен турнирде әрбір спортшы жеңіс тұғырынан көрінгісі келеді. Оған қоса жанкүйерлердің қолдауын барлық балуандарымыз сезінері анық. 1999 жылғы әлем чемпионатынан бері балуандарымыз бірде-бір алтын жүлдеге қол жеткізбеген екен. Астанадағы байрақты бәсеке бұл олқылықтың орнын толтыру үшін таптырмас мүмкіндік.

©fcastana.kz

Футболдан Еурокубок ойындары

Өтетін орны: Астана, Алматы, Қостанай, Шымкент қалалары

Уақыты: 25 маусым-30 тамыз күндері аралығы

Елордалық "Астананың" соңғы жылдары көрсетіп жүрген нәтижесі жанкүйерлердің жүрегіне үміт отын жағып, жаз айларын сағына күттіретін болды. Жылда төрт командамыздың арасынан тек "Астана" ғана "кәрі құрлықтың" дүбірлі додасына жолдама алып жүр.

Биыл жарыс жолына "Астанадан" бөлек "Қайрат", "Тобыл" және "Ордабасы" командалары шығады. Демек еліміздің төрт бірдей қаласында футбол мерекесінің болатыны сөзсіз. Сәтін салып төрт командамыз да плей-офф сынына жолдама алса, Астана, Алматы, Қостанай және Шымкент тұрғындары жаз бойы футбол мерекесін тойлайтын болады.

Айбар Рысдәулет

Massaget